Атырау облысында балалар мен жасөспірімдердің спортқа қызығушылығы артып келеді. Қазір өңірде 40 мыңға жуық бала спорт секцияларына қатысып жүр, деп хабарлайды AtyrauPress.
Өңірлік коммуникациялар қызметінің мәліметінше, облыста 31 спорт мектебі жұмыс істейді. Бұл мектептерде 19 мың бала спорттың 21 түрімен шұғылдануда.
Сонымен қатар мемлекеттік-спорттық тапсырыс аясында 20 мың бала тегін спорт секцияларына қатысып жүр.
Қазіргі уақытта облыста олимпиадалық спорттың 32 түрі дамып келеді. Ал спортшыларды жоғары деңгейде даярлау үшін арнайы орталықтар да жұмыс істейді.
Мәселен, Олимпиадалық резерв орталығында 285 спортшы, ал мамандандырылған мектеп-интернатта 200-ден астам спортшы дайындықтан өтуде.
Атыраулық спортшылар халықаралық жарыстарда да жақсы нәтижелер көрсетіп келеді. Парижде өткен Паралимпиада ойындарына өңірден 16 спортшы қатысып, паражеңіл атлетика мен паратеннис бойынша Қазақстан тарихындағы алғашқы жолдамаларды жеңіп алды. Сонымен қатар парадзюдодан екі спортшы қола медаль иеленді.
Облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының бөлім басшысы Аманжол Сағынғалиевтің айтуынша, өңірде олимпиадалық спорт түрлерін дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
— Алдағы Азия ойындарына Атырау облысынан 20 спортшы үміткер ретінде қарастырылып отыр. Сонымен қатар Олимпиада ойындарына қатысуға мүмкіндігі бар спортшыларымыз да бар. Олар рейтингтік жарыстарға қатысып, өз нәтижелерін жақсартуда. Спорт инфрақұрылымы да тұрақты дамып келеді. Биыл 22 спорт кешенінің құрылысы аяқталады деп жоспарланып отыр, — деді ол.
Айта кетейік, ұлттық құрама сапындағы атыраулық спортшылар саны да артып келеді. Өткен жылы Қазақстан құрамасында 188 спортшы болса, биыл бұл көрсеткіш 222 спортшыға жетті.