Бұл туралы Атырау облыстық грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының президенті Арман Тугаев баспасөз брифингінде мәлім етті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
- Атырауда ҚР Күрес түрлері федерациясының қолдауымен, Атырау облыстық грек-рим, еркін, әйелдер және жағажай күресі федерациясының ұйымдастыруымен өткізілген екі күндік төрешілердің біліктілігін арттыру семинары аяқталды. Семинар барысында төрешілік сертификатын алуға емтихан тапсыру үшін 22 төреші тіркеуден өтті. Енді қатысушылар қол жеткізген сертификаттары бойынша облыстық чемпионаттарда төрешілік ете алады. Сондай-ақ алдығы уақытта білктіліктерін арттыру бойынша республикалық семинарларға қатысып, өз деңгейлерін қалыптастырады, - деді А.Тугаев.
Айта кетейік, аталған семинарға Қазақстан Республикасының Күрес түрлері федерациясының төрешілер алқасының төрағасы, халықаралық дәрежедегі төреші (1S) Ерік Жұмабеков және «Біріккен Әлем күресі» (UWW) халықаралық ұйымының сертификатталған педагогі, халықаралық дәрежедегі төреші (1S) Игорь Лигай төрағалық етті. Е.Жұмабеков пен И.Лигай Грек-рим, еркін және әйелдер күресі бойынша 22 шілде мен 11 тамыз аралығында Парижде өтетін Олимпиада ойындарында төрешілік қызмет атқарады.