«Атырау» клубы параволейболдан Азия чемпионы атанды!

 Қытайдың Ханчжоу қаласында волейболды отырып ойнаудан Азия және Тынық мұхит аймағы бойынша клубтар арасында чемпионат мәресіне жетті, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Бұл туралы kaz.inform.kz мәлім етті. Волейболды отырып ойнаудан Қазақстан ұлттық құрамасының және «Атырау» клубының бас бапкері Бауыржан Тахауовтың Kazinform тілшісіне мәлім еткеніндей, осындай деңгейде алғаш рет ұйымдастырылған жарысқа елімізден атыраулықтармен қатар «Қызылорда», сондай-ақ Қытай, Сауд Арабиясы және Аустралия командалары қатысты.

пара волейбол
Фото: Бауыржан Тахауовтан

«Атырау» командасы өз тобында Сауд Арабиясы мен Қытайдың екі клубын 3:0 есебімен жеңіп, жартылай финалға бірінші орынмен шықты. Жартылай финалда «Қызылордадан» дәл сондай есеппен басым түсті – 3:0 (25-14, 25-11, 25-22). 

30 қазан күні финалда қытайлық Zhe Jiang клубымен өткен ойын өте тартысты болды. Атыраулықтар 3:2 (25:13, 25:13, 24:26, 25:27, 15:10) есебімен жеңісті жұлып алып, чемпиондық тұғырға көтерілді. 

Атырау
Фото: Бауыржан Тахауовтан

Қызылордалықтар үздік үштікті түйіндеді. 

«Ұлттық құраманың негізін Атырау облысының ойыншылары құрайды. Биыл Атыраудан 8 спортшы Қазақстан сапында Париж Паралимпиадасына қатысып, 5-орынға ие болды. Әлемде 78 команда болса, солардың арасынан алдыңғы лекке ілігу – үлкен жетістік. Енді төрт жылдан кейін Лос-Анджелесте өтетін Паралимпиада ойындарына дайындаламыз. Әлемдік рейтингіде қазіргі кезде Қазақстан құрамасы 5-орында тұр», - деді Б.Тахауов. 

Атырау
Фото: Бауыржан Тахауовтан

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Паралимпиадада Қазақстан волейболшыларының жартылай финалдан тыс қалғанын жазған болатынбыз.