Ел болашағы үшін маңызды сәтте «Мерейлі отбасы – 2024» ұлттық байқауының жеңімпазы атанған Сыралиевтер отбасы да өз азаматтық ұстанымдарын білдіріп, Жанбай ауылындағы №135 референдум учаскесіне келіп дауыс берді.
Отбасының отағасы Төремұрат Сыралиев пен отанасы Сағия Кемпірбаева ұлдары Мирас Сыралиевпен бірге маңызды саяси науқанға қатысып, ел өміріндегі жауапты сәтте белсенділік танытты.
Сыралиевтер отбасы – Жанбай ауылында көпке үлгі болып жүрген, бірлігі мен татулығын ту еткен шаңырақтардың бірі. Өткен жылы олар «Мерейлі отбасы – 2024» ұлттық байқауында жеңімпаз атанып, өңір мерейін асырған болатын. Бүгінгі референдумда да олар ел тағдырына бейжай қарамай, өз таңдауларын жасау арқылы азаматтық жауапкершіліктің үлгісін көрсетті.
– Біз үшін референдумға қатысу – жай ғана дауыс беру емес. Бұл – ел болашағына деген жауапкершілікті сезіну. Әрбір азамат өзінің пікірін білдіріп, мемлекет дамуына өз үлесін қосуы керек,-дейді Төремұрат Сыралиев.
Отбасы мүшелері мұндай маңызды кезеңде қоғамдағы әрбір азаматтың белсенді болуы елдің ертеңі үшін маңызды екенін атап өтті. Олардың айтуынша, елдегі өзгерістер мен жаңарулар халықтың ортақ таңдауы арқылы жүзеге асады.
Ұзақ жылдар бойы отбасылық құндылықтарды дәріптеп, қоғамда сый-құрметке ие болған Сыралиевтер отбасының бұл қадамы жас буынға да өнеге болары анық. Өйткені ел тағдырына жауапкершілікпен қарау – әрбір қазақстандықтың парызы.