"Российская газета" басылымында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Мәңгілік достық - халықтарымызға жол сілтер темірқазық» атты авторлық мақаласы жарық көрді, деп хабарлайды AtyrauPress.
Президент мақаласында Қазақстан мен Ресейдің стратегиялық серіктестік пен одақтастыққа негізделген тығыз байланысына тоқталды.
«Қазақстан мен Ресей - одақтас әрі стратегиялық серіктес мемлекеттер. Халықтарымыз ғасырлар бойы иық тіресе өмір сүріп, қуанышты да, қиындықты да бірге бөлісті. Бізді дәстүрлі құндылықтар мен өзара түсіністік біріктіреді», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Қазақстан Тәуелсіздік алған сәттен бастап Ресеймен достық қатынастарды дамытуға айрықша мән беріп келе жатқанын атап өтті.
«1992 жылы Мәңгі достық, ынтымақтастық және өзара көмек туралы шартқа қол қойылды. Бұл құжат халықтарымыздың саналы таңдауының символына айналды. Мәңгі достық - жай сөз тіркесі емес, ол біздің халықтардың болашаққа деген көзқарасының көрінісі», - деді Президент.
Айта кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаев 11-12 қараша күндері Ресей Федерациясына мемлекеттік сапармен барады.
Фото - Президенттің баспасөз қызметінен.