Президент кеңесшісі атыраулық имамдармен кездесті

Өңірге арнайы іссапармен келген ел Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев бүгін орталық Иманғали мешітіне барып, жергілікті имамдармен кездесті, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Кездесуге облыс әкімінің орынбасары Дарын Шамұратов пен аймақтың бас имамы Болатбек Ұласқанұлы да қатысты. Жиында ҚР Президентінің IV Ұлттық құрылтайда берген тапсырмаларын орындау барысы мен дін саласындағы кейбір мәселелер қаралды. Мәлік Отарбаев Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қуатты өңір – қуатты Қазақстан» қағидатын басшылыққа ала отырып, жаңа экономикалық саясат, заң мен тәртіпті сақтау, идеологиялық жұмыстарды нығайту, қоғамдық мәдениетті көтеру, ынтымақ пен бірлікті арттыру мәселелерін ортаға салды.

- Кейде тіпті теологтар мен дін өкілдерінің арасында дінге қатысты түрлі мәселелер бойынша пікір алшақтығы кездесіп жатады, - дейді ол. - Сондықтан қоғамда алауыздық пен бүлік тудыратын діни тақырыптарды манипуляциялауға жол беруге болмайды. Дінді дұрыс насихаттап, оның адамгершілік қырын ашу – бүгінгі имамдардың басты міндеті. Ең алдымен, туған жерін, өз республикасын құрметтейтін азаматтарды тәрбиелеу ісіне дін өкілдері белсенді түрде атсалысуы керек.

М.Отарбаев қоғамдағы бірлік пен ынтымақты нығайту, рухани тұтастықты сақтау, сапалы ұрпақ тәрбиелеу және қоғамдық сананы дамыту мәселелері бойынша өз пікірін білдірді. Ол бұл бағытта ел ішінде және шетелдерде жинаған тәжірибесімен бөлісті.

– Президент: «Әділетті Қазақстан, Адал азамат, озық ұлт» дейді. Бұл – зияткерлік деңгейі жоғары, кітап оқитын ұлт. Еліміз зайырлы мемлекет болғанымен, дін мәселесі Мемлекет басшысының назарынан тыс қалмайды, – деп атап өтті Президент кеңесшісі.

Іс-шараға облыстың барлық аудандық мешіттерінен 20 имам қатысты. Сапары барысында Президенттің кеңесшісі «Azan» радиосының жұмысымен де танысты. Ақпараттық платформаның бас редакторы Жанат Жұмағалиева қонаққа радио ашудың мақсаты мен бағдарламалары туралы қысқаша айтып, шағын бейнеролик көрсетті.

– Қазақ тілінде хабар тарататын бұл радио 2023 жылы ашылды. Ол дәстүрлі діни құндылықтарды, қазақ халқының тарихы мен мәдениетін насихаттайды. Біздің жұмысымыз радикалды діни ағымдардың алдын алуға бағытталған. Басты мақсатымыз – діни-ағартушылық жұмыстар жүргізу және тыңдармандардың сұрақтарына жауап беру, – деді Жанат Жұмағалиева.

Сонымен қатар, аймақта әлеуметтік желілер де белсенді жұмыс істейді. Мысалы, ақпараттық-түсіндіру материалдары жарияланып отыратын «Shapagat Podcast» атты YouTube арнасы бар.

Атырау облысының бас имамы Болатбек Ұласқанұлы Мәлік Отарбаевқа мазмұнды әрі пайдалы кездесу үшін алғыс білдіріп, өңірде елу мешіт жұмыс істейтінін айтып өтті.

– Облыстағы дін қызметкерлерінің негізгі бағыттарының бірі – әрбір тұрғынға конфессияаралық келісімді сақтау маңыздылығын түсіндіру, дәстүрлі діни құндылықтарды насихаттау және деструктивті діни ағымдардың қаупі жөнінде ескерту, – деді облыстың бас имамы.

Аман ШАМАР

Фото автордікі