Бүгінде жаһандық саясатта жаңа мазмұн мен бағыттар қалыптасып жатыр. Әлем елдері бұрын-соңды болмаған геосаяси тұрақсыздық кезеңін бастан өткеруде: саяси шиеленістер, ашық қақтығыстар, экономикалық санкциялар, энергетикалық дағдарыстар – барлығы қазіргі халықаралық қатынастардың ажырамас бөлшегіне айналды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Осындай кезеңде бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтап отырған аймақ ретінде Орталық Азия алдыңғы қатарға шығып отыр. Алайда бұл тыныштық мәңгілік пе, әлде уақытша құбылыс па? Аймақ дамудың жаңа тұғырына айнала ма, әлде геосаяси тартыс алаңына айналуы мүмкін бе? Осы сұрақтар бүгінде күн тәртібіндегі өзекті мәселелердің бірі.
Аймаққа деген қызығушылықтың артуы: ықпал үшін күрес басталды ма?
Орталық Азияның геосаяси маңызы - оның географиялық орналасуынан бастау алады. Бұл - Қытай, Ресей, Иран, Пәкістан және Ауғанстан секілді мемлекеттердің ортасында орналасқан стратегиялық кеңістік. Мұнда Батыс пен Шығыс, Солтүстік пен Оңтүстік арасындағы сауда жолдары тоғысады.
Соңғы жылдары бұл өңірге АҚШ, Қытай, Ресей, Түркия және Еуропалық Одақ елдерінің қызығушылығы күрт артқаны байқалады. Энергетика, көлік-логистика, әскери қауіпсіздік, цифрлық технологиялар мен инвестиция салалары – бәрі ықпал ету бәсекесінің алаңына айналып отыр.
Қазақстанның рөлі: геосаяси тоғыстағы тарихи жауапкершілік
Қазақстан – Орталық Азиядағы ең ірі мемлекет әрі негізгі шешуші ойыншы. Географиялық тұрғыдан алып қарағанда, еліміз Қытай мен Ресей секілді екі ірі алпауытпен ең ұзын шекараға ие (7591 км Ресеймен). Бұл тек географиялық жақындық қана емес, тарихи, мәдени, экономикалық өзара байланыстың да көрінісі.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше рет атап өткендей, еліміз аймақтық бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау жолында маңызды жауапкершілік арқалап отыр. Президенттің сөзімен айтсақ, Қазақстан – әлемдік саяси сахнада бейтарап ұстанымды ұстанатын, көпвекторлы саясат жүргізетін ел. Бұл - бейбіт дамуды таңдаған мемлекет үшін бірден-бір дұрыс жол деп тұжырымдауға себеп мол.
Ресеймен қарым-қатынас: тәуелділік пе, тиімді серіктестік пе?
Қазақстан - Ресей қарым-қатынасы - ерекше талдауды қажет ететін тақырып. Әсіресе қазіргі геосаяси жағдайда. Ресей мен Батыс арасындағы текетірес аясында бұл елмен байланыс орнату кей мемлекеттер үшін сын көтермейтін қадам көрінуі мүмкін. Алайда Қазақстан жағдайында бұл байланыстан толық бас тарту – саяси және экономикалық тұрғыдан тиімсіз шешім.
Ресей - Қазақстанның стратегиялық серіктесі, одақтасы және маңызды экономикалық әріптесі болып қала береді. Президент Тоқаевтың бұл бағыттағы ұстанымы айқын: геосаяси эмоцияға берілмей, прагматикалық саясат жүргізу.
Қазақстан Ресеймен қатар, Қытаймен де, Батыспен де, Түркиямен де, Ислам әлемімен де сындарлы диалог орната отырып, шын мәнінде көпвекторлы дипломатияның үлгісін көрсетіп отыр.
Орталық Азиядағы интеграциялық серпін
Орталық Азия елдері арасындағы өзара сенім де соңғы жылдары жаңа деңгейге көтерілді. Бұл - сыртқы қысымдарға қарсы тұрудың ішкі тетігі. Президент Тоқаевтың бастамасымен аймақтағы мемлекеттер жиі бас қосып, ортақ жобалар мен бастамаларды қолға алып келеді. Сауда, энергетика, су ресурстары, көлік-логистика, шекара қауіпсіздігі сынды бағыттарда нақты нәтижелер бар.
Аймақ ішіндегі ықпалдастықтың артуы – сыртқы ойыншылар үшін де белгі: бұл енді тек бәсеке алаңы ғана емес, сонымен бірге интеграциялық әлеуеті зор даму орталығы.
Аймақ дамудың тұғырына айнала ала ма?
Орталық Азия - қазір шешуші тарихи кезеңде тұр. Бұл аймақтың алдағы онжылдықтағы болмысы - геосаяси аренадағы бағытына, өз ішіндегі бірлігіне және сыртқы серіктестерімен жүргізетін саясатына тікелей байланысты.
Қазақстан дәл қазір осы бағытта басты рөл атқарып отыр. Бейбітшілікке негізделген көпвекторлы дипломатия, стратегиялық серіктестік пен аймақтық интеграцияны ұштастыру арқылы еліміз Орталық Азияны геосаяси тартыс алаңы емес, даму мен тұрақтылықтың тұғырына айналдыруға ықпал етіп келеді.
Президент Тоқаевтың мәлімдемесі осы ұстанымның стратегиялық негізі іспеттес. Бұл бағыттан ауытқымау - Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл өңір үшін тарихи маңызы бар таңдау.
Қаршыға Көшеков