Өнер мектебінде референдумға қатысты жиын өтті

Референдум тақырыбы Исатай ауданындағы өнер мектебінде талқыланды.

Шараға «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» коалициясының мүшелері қатысып, білім және мәдениет саласының өкілдерімен ашық форматта пікір алмасты.

Кездесу барысында коалиция мүшелері алдағы республикалық референдумның ел болашағы үшін маңыздылығына тоқталып, ұсынылып отырған конституциялық өзгерістердің негізгі бағыттарын кеңінен түсіндірді. Атап айтқанда, басқару жүйесін жетілдіру, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктерін күшейту, әділетті қоғам қалыптастыру мәселелері жан-жақты баяндалды.

Өнер мектебінің ұжымы ұсынылған реформалардың нақты мазмұнына, олардың өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпалына қатысты сауалдар қойды. Сондай-ақ, референдумның өткізілу тәртібі, азаматтардың қатысу белсенділігі және саяси науқанның ашықтығы туралы пікірлер ортаға салынды. Коалиция өкілдері әр сұраққа нақты әрі дәйекті жауап беріп, референдумның маңызын түсіндіруге басымдық берді.

Жиын барысында қатысушылар ел дамуының жаңа кезеңінде әр азаматтың жауапкершілігі ерекше екенін атап өтті. Референдум – халықтың өз таңдауын жасап, мемлекеттік шешімдерге тікелей ықпал етуіне мүмкіндік беретін маңызды демократиялық құрал екені айтылды.

Кездесу соңында тараптар мұндай түсіндіру жұмыстарының маңыздылығын атап өтіп, алдағы уақытта да ашық диалог алаңдарын ұйымдастыру қажеттігін жеткізді. Шара еркін пікір алмасу форматында өтіп, қатысушылар өз ойларын ашық білдіруге мүмкіндік алды.