Кремльде Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путиннің бейресми кездесуі өтті

Кремльде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путиннің бейресми кездесуі өтті, - деп хабарлайды AtyrauPres 24 kz-ке сілтеме жасап.

Кездесу барысында мемлекет басшылары екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылап, алдағы жоспарлармен бөлісті.

Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде Қазақстан мен Ресей арасындағы қатынастардың жоғары деңгейде дамып келе жатқанын ерекше атап өтті. Ол екі ел арасындағы байланыстардың стратегиялық серіктестік пен одақтастық сипатқа ие екенін айтты.

«Құрметті Владимир Владимирович, Мәскеуге, осынау қасиетті жерге табаным тиген сәттен бастап көрсетілген ерекше сый-құрмет үшін Сізге ризашылығымды білдіремін. Ресей астанасындағы ыстық ықылас мені қатты қуантты. Екіжақты ынтымақтастық стратегиялық серіктестік, одақтастық қатынастар сипатына ие. Мемлекеттеріміз арасында ешқандай түйткіл жоқ, ал туындаған мәселелер президенттер мен үкіметтер басшыларының күш-жігері арқасында оң шешімін табады», – деді Қазақстан Президенті.

Өз кезегінде Владимир Путин Қасым-Жомарт Тоқаевқа мемлекеттік сапармен келгені үшін алғысын білдіріп, екі ел арасындағы байланыстардың тұрақты әрі нәтижелі дамып келе жатқанын атап өтті.

«Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, уақыт тауып, келісіміміз бойынша мемлекеттік сапармен келгеніңіз үшін алғыс айтамын. Біз ұдайы байланыстамыз, алайда мемлекетаралық қатынастарда мұндай протоколдық кездесулер де маңызды. Осы жылды жақсы нәтижелермен аяқтап, таяу келешекке арналған жоспарларды орындаймыз деп сенемін», – деді Ресей Президенті.

Бейресми жағдайда өткен кездесуде мемлекет басшылары саяси, экономикалық және мәдени бағыттардағы өзара іс-қимылды одан әрі нығайту мәселелерін талқылады.

фото - Ақорда