Құрманғазы ауданы аумағында жаңа Конституция жобасын елге таныстыру жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп жатыр. Нақтырақ айтқанда, аумактық коалиция мүшелері ауылдарга арнайы барып, азаматтармен кездесіп, ақпараттық-түсіндіру іс-шараларын атқарып келеді.
Осындай жиынның бірі Құрманғазы балық инспекция бөлімінде өткізіліп, коалиция мүшелері Ерлан Хисметуллин, Замзагүл Карсакова, Ауез Изжанов, Есболат Кубашев еңбек ұжымына заңнамалық реформаның мән-маңызын айтып берді. Оның ішінде жаңа конституциялық өзгерістердің өндіріс саласын дамытудағы рөлі, адал бәсекелестікті қалыптастыру, еңбек адамдарының құқықтарын қорғау және әлеуметтік қолдау тетіктерін жетілдіру мәселелері сөз болды.
Коалиция өкілдері реформалардың басты мақсаты – экономиканың нақты секторын нығайту, отандық өндірісті қолдау және еңбек адамының мәртебесін арттыру екенін атап өтті. Әсіресе, адал бәсекелестік қағидаттарын күшейту арқылы кәсіпкерлер үшін тең мүмкіндік қалыптастыру, өндіріс орындарының тұрақты дамуына жағдай жасау бағытындағы өзгерістерге ерекше тоқталды.
— Конституциялық реформа – бұл тек заңнамалық өзгеріс емес, бұл – әділ экономикалық орта қалыптастырудың негізі. Өндіріс дамымай, ел экономикасы алға баспайды. Сондықтан жаңа өзгерістер адал бәсекеге жол ашып, еңбек адамдарының құқықтарын қорғауды күшейтеді. Әлеуметтік қолдау шаралары да нақты сектор қызметкерлерінің әл-ауқатын арттыруға бағытталады. Еңбек адамы – мемлекеттің басты құндылығы, – деді Ерлан Хисметуллин кездесуде.
Кездесу барысында табиғат қорғау мамандары да өз пікірлерін білдіріп, ұсыныстарын айтты. Коалиция мүшелері қойылған сұрақтарға жауап беріп, конституциялық реформаның әрбір салаға тигізетін нақты тиімділіктерін түсіндірді.