Қоғам қайраткері Рашиля Мүрсәлиева ел болашағы үшін таңдауда белсенді болуға шақырды

№14 референдум учаскесінде 2654 дауыс беруші тіркелген. Оның ішінде 11 мүмкіндігі шектеулі азамат бар. Сондай-ақ, 9 тұрғын алғаш рет дауыс беруге қатысуда. Осы учаскеде Атырау облысының Құрметті азаматы, қоғам қайраткері Рашиля Мүрсәлиева да республикалық референдумда дауыс берді.

Қоғам қайраткері ел болашағына қатысты маңызды саяси науқанда әр азаматтың белсенділігі ерекше маңызға ие екенін атап өтті. Оның айтуынша, мұндай маңызды сәтте әрбір адам өз таңдауын жасап, азаматтық ұстанымын білдіруі қажет.

— Еліміздің дамуы мен болашағы әрқайсымыздың жауапкершілігімізге байланысты. Сондықтан мұндай маңызды күні дауыс беру – әр азаматтың борышы, – деді ол.

Сонымен қатар Рашиля Мүрсәлиева жастарды ел тағдырына бейжай қарамай, қоғамдық өмірге белсенді қатысуға шақырды. Оның пікірінше, үлкен буынның азаматтық белсенділігі мен жауапкершілігі – жас ұрпаққа үлгі.