Референдум аясында Атырау қаласы, Қайыршақты ауылдық округіне қарасты учаскелерде дауыс беру басталып кетті. Солардың бірі – №77 референдум учаскесі. Мұнда барлығы 2499 дауыс беруші тіркелген.
Учаскедегі жұмыс таңғы сағат 7.00-де қалыпты режимде басталған.

Дауыс беру процесін ұйымдастыру үшін комиссия құрамында 7 адам қызмет атқарып отыр. Учаскеде дауыс берушілердің өз таңдауын еркін әрі кедергісіз жасауына барлық жағдай жасалған.
Учаске төрағасы Жанар Ізтілеуованың айтуынша, дауыс беру барысы заң талаптарына толық сәйкес ұйымдастырылды. Жәшіктер пломбыланып, дауыс беруге арналған кабиналардың барлығы нөмірленіп қойылыпты. Сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі жандар үшін арнайы кабиналар қарастырылған. Байқаушыларға арналған орындар да белгіленіп, қажетті жағдайдың бәрі жасалған.
– Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған кабиналар жасақталып тұр. Байқаушылардың орны жасақталып тұр, бәріне жағдай жасалды. Акт толтыру үшін полиция қызметкерлері де шақырылды. Тактильді жолақтар жасалып, орындары түгел дайындалды. Дауыс беру аяқталған соң жәшікке түскен бюллетеньдерді шашып, комиссия мүшелері болып санауға кірісеміз, — деді Жанар Мақсотқызы.
Референдум учаскесінде дауыс беру процесі талапқа сай, тыныш әрі ретімен өтіп жатыр. Тұрғындар өз таңдауларын жасап, ел болашағына қатысты маңызды шешімге қатысуда.
Алмас БАУЫРЖАНҰЛЫ