Исатайда 95 жастағы ақсақал елдік іске үн қосты

Исатай ауданының Жанбай ауылында орналасқан №135 референдум учаскесінде ерекше сәттердің бірі тіркелді. Ауылдың ең қарт тұрғындарының бірі, өмірін мал шаруашылығына арнаған еңбек ардагері, 95 жастағы Меңдіғали Құбаев референдумға келіп, өз таңдауын жасап, көпшілікке азаматтық белсенділіктің үлгісін көрсетті.

Ұзақ жылдар бойы шопан болып еңбек еткен қария ел өміріндегі маңызды саяси науқаннан шет қалмай, учаскеге арнайы келіп дауыс берді. Ақсақалдың бұл қадамы ауыл тұрғындары үшін де ерекше әсерлі сәт болды.

Дауыс бергеннен кейін №135 референдум учаскесінің комиссия төрағасы Ғимади Жиенғазиев ақсақалға естелік сыйлық табыстап, ұзақ жылғы еңбегі мен өнегелі өмір жолы үшін ризашылығын білдірді.

– Біз жастық шағымызды еңбекпен өткіздік, елдің берекесі мен тыныштығын әрқашан жоғары қойдық. Сондықтан ел тағдырына қатысты осындай маңызды сәттерде әр азамат өз таңдауын жасауы керек деп ойлаймын. Мен де азаматтық борышымды орындап, дауыс беруге келдім. Жастар елдің болашағына жауапкершілікпен қараса екен деймін, – деді еңбек ардагері Меңдіғали Құбаев.

Жанбай ауылындағы бұл көрініс референдум күнінің тағылымды сәттерінің біріне айналды. Тоқсан бес жастағы еңбек ардагерінің белсенділігі мен азаматтық ұстанымы кейінгі ұрпаққа үлгі болары сөзсіз.