Исатай ауданының әкімі өз таңдауын жасады

Исатай ауданының әкімі Нұрым Мусин Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясына қатысты республикалық референдумға қатысып, өз таңдауын жасады. Аудан басшысы Ш.Шәріпов атындағы балалар саз мектебінде орналасқан №139 референдум учаскесіне келіп, дауыс берді.

Маңызды саяси науқанда өз азаматтық ұстанымын білдірген аудан әкімі референдумның ел болашағы үшін маңызы зор екенін атап өтті. Оның айтуынша, мұндай тарихи шешімдер халықтың тікелей қатысуымен қабылдануы – мемлекет дамуының маңызды көрінісі.

— Бүгінгі референдум – еліміздің ертеңі мен тұрақты дамуы үшін аса маңызды қадам. Әрбір азаматтың дауысы – ел тағдырына деген жауапкершіліктің белгісі. Сондықтан барша тұрғындарды осындай маңызды сәтте белсенділік танытып, өз таңдауларын жасауға шақырамын. Бұл – баршамыздың ортақ болашағымыз үшін жасалатын маңызды шешім, – деді Нұрым Мусин.

№139 референдум учаскелік комиссиясының төрағасы Ербол Ақтановтың айтуынша, аталған учаскеде барлығы 938 дауыс беруші тіркелген. Таңғы уақыттан бастап тұрғындар учаскеге келіп, өз таңдауларын жасап жатыр. Дауыс беру науқаны заң талаптарына сәйкес, ашық әрі ұйымдасқан түрде өтуде.

Референдум учаскесінде дауыс берушілерге барлық қажетті жағдай жасалған. Комиссия мүшелері тұрғындарды тіркеу жұмыстарын жүргізіп, әрбір азаматтың еркін әрі құпия түрде дауыс беруіне мүмкіндік беруде.

Айта кетейік, республикалық референдум – ел дамуына қатысты маңызды мәселелерді халықтың тікелей қатысуымен шешуге мүмкіндік беретін демократиялық үдеріс. Исатай ауданында да бұл саяси науқан жоғары ұйымдастырушылық деңгейде өтіп, тұрғындар белсенділік танытуда.