AMANAT партиясының Индер аудандық филиалының мәжіліс залында аудандық мәслихат депутаты Ақжібек Керімбайқызы мен Нұрбол Нұрланұлы жастармен мазмұнды кездесу өткізді. Басқосу ашық диалог форматында ұйымдастырылып, жас буын өкілдерінің қоғамдық-саяси өмірге белсенді араласуына бағытталды.
Жиын барысында елімізде жүзеге асырылып жатқан реформалардың басты бағыты – қоғам мүшелерінің мемлекеттік басқару үдерісіне қатысу мүмкіндігін кеңейту екені кеңінен айтылды. Спикерлердің сөзінше, халық үніне құлақ асатын мемлекет қағидатын орнықтыру, азаматтардың ұсыныстары мен бастамаларын қолдау – жүйелі жаңғырудың негізгі тетіктерінің бірі.
Кездесу кезінде жастар тарапынан түрлі сауалдар қойылып, нақты ұсыныстар ортаға салынды. Атап айтқанда, білім беру сапасын арттыру, жастарды жұмыспен қамту, кәсіпкерлік бастамаларды қолдау, ауылдық жерлердегі инфрақұрылымды дамыту мәселелері талқыланды. Депутаттар қойылған сұрақтарға жан-жақты жауап беріп, мемлекеттік бағдарламалар аясында жүзеге асырылып жатқан жұмыстар туралы ақпарат ұсынды.
Сонымен қатар, азаматтардың пікірін ескеру, оларды шешім қабылдау процесіне тарту – ашық әрі әділетті қоғам құру жолындағы маңызды қадам екені атап өтілді. Еркін пікір алмасу алаңы жастардың азаматтық ұстанымын қалыптастыруға, қоғамдық жауапкершілігін арттыруға және белсенді өмірлік позициясын нығайтуға ықпал етті.
Кездесу қорытындысында алдағы уақытта да осындай мазмұнды әрі нәтижелі басқосуларды тұрақты түрде өткізу қажеттігі айтылды. Жастардың тың идеялары мен бастамаларына қолдау көрсету, оларды қоғамдық жұмыстарға кеңінен тарту – ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін маңызды бағыттардың бірі болмақ.