Ерлан Қарин: «Бірдей мәтін бірдей нәтиже бермейді»

Ел азаматтары мен сарапшылардың Конституциялық реформаға қатысты ұсыныстарын талқылау белсенді кезеңінен өтіп, енді оларды нақты жүзеге асыру жұмыстары басталады.
Бұл туралы Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның тоғызыншы отырысында Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин мәлімдеді, деп хабарлайды AtyrauPress.

Оның айтуынша, жаңа Ата заңның мәтіні жарияланған сәттен бастап қоғамда кең ауқымды пікірталас өрбіді. Қазақстандықтар әртүрлі платформалар арқылы өз ұсыныстарын белсенді түрде жолдаған.
– Ел азаматтары e-Otinish және eGov платформаларындағы «Конституциялық реформа» арнайы бөлімі арқылы ұсыныстарын жіберіп жатыр. Бір апта ішінде 4 мыңнан астам өтініш түсті. Алғашқы үш күнде тәулігіне мыңнан аса ұсыныс келіп отырды, кейін бұл көрсеткіш 500-ге дейін төмендеді. Кеше ғана 100-ден астам ұсыныс келіп түсті. Бұл азаматтардың жаңа Конституцияға қатысты көзқарасы негізінен қалыптасқанын білдіреді, – деді Мемлекеттік кеңесші.

Комиссия отырысында әлеуметтік желілерде жиі көтеріліп жүрген пікірлер де талқыланды. Солардың бірі – дамыған елдердің дайын Конституциясын көшіріп алу туралы ұсыныстар.

– Кейбір азаматтар «уақыт сынынан өткен Конституцияларды неге сол күйінде қабылдамаймыз?» деген пікір айтады. Мұндай көзқарас қоғамда бар екенін жоққа шығармаймыз. Бірақ Конституция – әр мемлекеттің айнасы. Өзге елдердің заңдарында біздің төл мәдениетімізге, құндылықтарымызға мүлдем сай келмейтін нормалар кездеседі. Біз жаңа Ата Заңда керісінше, ұлттық болмысқа қайшы келетін дүниелерге тосқауыл қойып отырмыз, – деді Ерлан Қарин.

Ол сондай-ақ бірдей мәтіннің әр елде бірдей нәтиже бермейтінін атап өтті.

– Мәселе мәтінде емес, ондағы нормалардың қалай іске асырылатынында. Сонымен қатар біз өз тағдырымызды, өз болашағымызды өзіміз айқындауымыз керек. «Біз кімбіз, қайда барамыз?» деген сұрақтарға жауапты өзіміз беруіміз қажет. Бұл ұстаным жаңа Конституцияның преамбуласында айқын көрініс тапқан, – деді Мемлекеттік кеңесші.

Ерлан Қарин жаңа Ата Заңды әзірлеу тәсіліндегі басты айырмашылықтарға да тоқталды. Оның айтуынша, қолданыстағы Конституцияны бар болғаны 12 адам, оның ішінде үш шетелдік сарапшы жазған. Ал қазіргі құжатты 130 адамнан тұратын, ашық форматта жұмыс істейтін комиссия әзірлеуде.

– Жаңа Конституцияны әр өңірден жиналған, түрлі сала өкілдерінен құралған комиссия жазып жатыр. Арамызда бірде-бір шетелдік азамат жоқ. Бұл – Қазақстанның өз құқықтық жүйесін өз күшімен қалыптастыра алатынын көрсетеді. Сондықтан жаңа Ата Заң шын мәнінде халықтық Конституция деуге толық негіз бар, – деп түйіндеді Мемлекеттік кеңесші.