Ерқанат Көпжасарұлы: «Жаңа Конституция ақиқатты айна-қатесіз жеткізуге жол ашады»

Qazaqstan ұлттық телеарнасының тележүргізушісі, Конституциялық комиссия мүшесі Ерқанат Көпжасарұлы жаңа Конституция жобасындағы сөз еркіндігіне қатысты баптардың маңызы жөнінде пікір білдірді, деп хабарлайды AtyrauPress.
Конституциялық комиссияның тоғызыншы отырысында сөз сөйлеген белгілі журналист Ата заң жобасында сөз бостандығы, ғылыми-техникалық және көркем шығармашылық еркіндігіне ерекше мән берілгенін атап өтті.
– Еркін ойсыз ел көсегесі көгермейді, ашық пікір алмасусыз қоғам алға баспайды. Жаңа Конституция жобасында сөз бостандығын шектеуге бағытталған норма жоқ. Керісінше, басты мақсат – жауапкершілік жүгін күшейту, арандатушылық пен іріткі салатын әрекеттердің алдын алу. Ақпаратты еркін алу және тарату құқығының айқын бекітілуі – өркениетке ұмтылған ел үшін батыл әрі маңызды қадам, – деді Ерқанат Көпжасарұлы.

Оның айтуынша, ақпаратқа қол жеткізу құқығының нақты тетіктермен бекітілуі баспасөздің еркін тыныстауына мүмкіндік беріп, мемлекеттік органдардың ашықтығы мен жауапкершілігін арттырады.

– Ең бастысы, жаңа Конституцияда еркіндік пен жауапкершілік бір арнаға тоғысады. Адамның ар-намысы мен абыройын жоғары қою, ұлттық құндылықтарды қадірлеу – еркіндікті жүгенсіздікке емес, ел мүддесіне қызмет еткізудің парасатты жолы. Мұндағы еркіндік – шексіздік емес, мемлекеттік санаға негізделген жауапкершілік, – деді ол.

Комиссия мүшесінің пікірінше, бұл заңнамалық ұстаным пікір алуандығының тынысын ашып, салауатты сын мәдениетінің қалыптасуына жол ашады әрі қоғам бірлігіне сызат түсіретін теріс әрекеттерге тосқауыл қояды.

Сөз соңында Ерқанат Көпжасарұлы ұсынылып отырған конституциялық өзгерістер журналистиканың басты миссиясын – қоғам мен билік арасындағы алтын көпір болу, ақиқатты айна-қатесіз жеткізу және сындарлы сұхбат мәдениетін орнықтыру ісін жаңа деңгейге көтеретінін атап өтті.

Фото: Ерқанат Көпжасарұлының жеке мұрағатынан