Дональд Трамп: «Қазақстан – табиғи ресурстарға бай, парасатты Президенті бар ел»

Вашингтонда өткен «Орталық Азия – АҚШ» (С5+1) саммиті кезінде журналистер АҚШ Президенті Дональд Трампқа Қазақстанмен ынтымақтастыққа қатысты бірқатар сұрақ қойды. 

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Журналистердің бірі АҚШ пен Қазақстан арасындағы ынтымақтастық туралы: 
«Қазақстан мен АҚШ жалпы құны 17 миллиард долларды құрайтын келісімдер жасады. Ол авиация, минералды ресурстар және цифрлық технологиялар секілді бағыттарды қамтиды. Сіздің ойыңызша, бұл серіктестіктің қай саласы маңызды? Екіншіден, Сізді Қазақстанға келген алғашқы АҚШ Президенті деп қашан айта аламыз?» – деген сұрақ қойды. Бұл сауалға жауап берген Дональд Трамп Қазақстанмен серіктестіктің барлық саласы маңызды екенін және алдағы уақытта елімізге сапармен келуі мүмкін екенін айтты. «Бұл әбден мүмкін (Қазақстанға сапармен келу – ред.). Барлық сала өте маңызды деп санаймын. Бір жылдан кейін не болатынын білмейміз. Сіздің табиғи ресурсқа бай еліңіз, сондай-ақ парасатты Президентіңіз бар», – деді АҚШ Президенті. 
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақ үйде тарихи кездесу ұйымдастырғаны үшін Дональд Трампқа алғыс айтып, С5+1 форматындағы саммит Орталық Азия мен Құрама Штаттар арасындағы ынтымақтастықтың жаңа кезеңіне жол ашқанын атап өтті.

Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ