Бүгін коалиция мүшелері Бөкейхан балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің спортшыларымен кездесу өткізді. Кездесудің мақсаты – Жаңа Конституция жобасының негізгі бағыттарын түсіндіру және оның қоғам дамуына ықпалын талқылау болды.
Кездесуге коалиция мүшелері Г.Калиева, Б.Утегенов, Б.Анесов қатысып, ұсынылып отырған өзгерістердің мазмұнына кеңінен тоқталды. Олар жаңа құжатта азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктерін күшейту, әлеуметтік әділеттілікті орнықтыру, жастар саясатын дамыту және бұқаралық спортты қолдауға құқықтық негіз қалыптастыру мәселелері қамтылғанын жеткізді.
Коалиция мүшесі Берик Анесов өз сөзінде мемлекетіміздің болашағы – дені сау, білімді әрі жігерлі жастардың қолында. Жаңа Конституция жобасында жас ұрпақты қолдау, олардың қабілетін шыңдауға жағдай жасау бағытындағы нормалар нақты көрініс тапқан. Бұл – спорт саласының да дамуына тың серпін беретіндігін атап өтті.
Сонымен қатар жиында спорттың ұлт саулығын нығайтудағы рөлі, жас спортшыларға мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау және ел болашағын қалыптастырудағы жастардың жауапкершілігі жөнінде пікір алмасу болды. Спортшылар өз ұсыныстарын білдіріп, сауалдарына жауап алды.
Жиын соңында коалиция мүшелері спортшыларды қоғам дамуына бағытталған бастамаларды қолдап, алдағы референдумға белсенді қатысуға шақырды.