Ауыл тұрғындары халықтық конституцияға қолдау білдірді

Бүгін Бөкейхан ауылының тұрғындарымен «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» аумақтық коалициясының өкілдері кездесу өткізді.

Жиында Ата Заң жобасының негізгі қағидаттары, азаматтардың құқықтары мен бостандықтары, билік тармақтарының теңдігі және қоғамдағы әділдік пен тұрақтылық мәселелері кеңінен қаралды.  

Аумақтық коалиция мүшесі Г.Калиева 15 наурыз күні өтетін референдумның ел болашағы үшін айрықша маңызға ие екенін атап өтті. Сондай-ақ ол жаңа Конституция жобасының басты артықшылықтарына тоқталып, құжат қоғамның қазіргі сұранысына сай әзірленгенін айтты. 

Спикердің айтуынша, жаңа Конституция жобасы қолданыстағы Ата Заңнан тұғырлы бағыттар бойынша ерекшеленеді. Қазіргі геосаяси өзгерістер мен қоғамның әділеттілікке, жаңаруға деген сұранысы жаңа қоғамдық келісім мен құндылықтарды талап етеді. Жаңа Конституция адамға бағдарланған сипатқа ие болып, ұлттық болмысқа, тарихи жол мен қоғам құндылықтарына басымдық береді және елдің даму бағытын құқықтық тұрғыдан айқындайды. Сонымен қатар құжаттың құрылымы жаңарып, Преамбула, 11 бөлім және 96 баптан тұрады. Жаңа бөлімдер енгізіліп, бірқатар бөлім атаулары жаңартылған. 

Жиын барысында спикерлер жаңа Ата Заңда адам құқықтары мен бостандықтарының басымдығы, демократиялық институттарды нығайту, сондай-ақ «Әділетті Қазақстан» және «Заң мен Тәртіп» қағидаттарын орнықтыру мәселелері жөнінде пікір білдірді. 

Өз кезегінде ауылы тұрғындары жаңа Конституция қоғамда әділдік, жауапкершілік пен тең мүмкіндіктерді нығайтуға ықпал ететінін атап өтті. Олар Конституция заман талабына сай жаңарып отыруы тиіс екенін айтып, бұл бастаманы елдің әділетті әрі бәсекеге қабілетті болашағына бастайтын маңызды қадам деп бағалады.