Атырауда референдум күні 34 нүктеде жәрмеңкелер ұйымдастырылуда

Ел болашағы үшін әрбір азамат бүгін өз таңдауын жасауда. Атырау облысында да тұрғындар республикалық референдумға белсенді қатысып жатыр. Облыс орталығы мен аудандарда референдумға орай арнайы ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері ұйымдастырылуда.

Соның бірі – Атырау қаласындағы №3 мектеп-гимназиясында орналасқан №14 референдум учаскесінде өтуде. Мұнда ауыл шаруашылығы өнімдері тұрғындарға нарықтағы бағадан 15-20 пайызға дейін төмен бағамен ұсынылуда. Жәрмеңкеде көкөніс, жеміс-жидек, сүт өнімдері және басқа да азық-түлік түрлері сатылып жатыр.

Бүгін облыс бойынша барлығы 34 жәрмеңке ұйымдастырылған. Оның 14-і ауылдық жерлерде, 20-сы қалада өтуде. Жәрмеңкеде тұрақтандыру қорының өнімдері, шаруа қожалықтарының тауарлары, жергілікті өндірушілердің өнімдері, сондай-ақ «Дәулет нан» өнімдері мен көтерме тасымалдаушылардың азық-түліктері делдалсыз, қолжетімді бағамен ұсынылуда. Сонымен қатар қолөнер бұйымдары да сатылымға шығарылған.

Атырау қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлім басшысының орынбасары Алтынай Сәрсенқызының айтуынша, мұндай шаралар тұрғындардың референдумға қатысу белсенділігін арттырумен қатар, ауыл шаруашылығы өнімдерін халыққа қолжетімді бағамен ұсынудың тиімді жолы болып отыр.

Тұрғындар жәрмеңкеден қажетті өнімдерін сатып алып қана қоймай, өз таңдауын жасап, ел болашағына жауапкершілікпен қатысуда.