Атырау облысында референдум тыныш әрі қалыпты жағдайда өтуде

Атырау облысында республикалық референдумның өту барысын тәуелсіз байқаушылар бақылауда. Өңірдегі дауыс беру учаскелерінде «Дауыс» қоғамдық байқаушылар коалициясының өкілдері бақылау жүргізіп, дауыс беру процесінің ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз етуге атсалысуда.

Облыс бойынша барлығы 276 дауыс беру учаскесі жұмыс істеуде. Оның 265-і ашық, ал 11-і жабық форматта ұйымдастырылған. Жалпы өңірде 416 619 азаматтың дауыс беруге құқығы бар.

Қазіргі уақытта «Дауыс» коалициясынан 265 тәуелсіз байқаушы сайлау учаскелерінде бақылау жүргізіп жатыр. Олар учаскелер ашылған сәттен бастап, дауыс беру нәтижелері шығарылғанға дейін жұмыс атқарады.

«Атырау облысында референдум барысын бақылауға коалиция құрамынан 265 тәуелсіз байқаушы жұмылдырылды. Олар дауыс беру учаскелері ашылған сәттен бастап, нәтижелер шығарылғанға дейін бақылау жүргізеді. Байқаушылар алдын ала арнайы дайындықтан өтті. Қазіргі уақытта дауыс беру үдерісі белгіленген тәртіпке сәйкес, тыныш әрі қалыпты жағдайда өтіп жатыр»,- деді Атырау облысы бойынша “Дауыс” байқаушылар коалициясының өкілі Даурен Сейтқалиев.