Атырау қаласындағы З.Қабдолов атындағы №40 мектепте орналасқан №91 учаскелік референдум учаскесі таңғы 07:00-де есігін айқара ашты. Қалыптасқан дәстүр бойынша учаскеге келіп, алғаш болып дауыс берген Әлібек Ермекқалиға символикалық сыйлық табыс етілді.
– Бүгінгі референдум әр тұрғынның пікірін білдіруіне мүмкіндік беретін маңызды сәт. Мектеп ауласында күні бойы мерекелік жәрмеңке өтеді, қонақтарға Наурыз көже мен бауырсақ ұсынылады. Жалпы, атмосфера салтанатты, сайлау процесінің ыңғайлылығы үшін барлық жағдай жасалған, — деді №91 учаскелік референдум комиссиясының төрағасы Жанаргүл Атчибаева.
Оның айтуынша, бұл учаскеде 1804 адам тіркелген, оның ішінде ерекше қажеттілігі бар 13 адам бар. Алғашқы болып дауыс берген қала тұрғыны да өз пікірімен бөлісіп жатты.
– Менің ойымша, референдумға қатысу – әр адамның борышы. Мемлекеттің дамуына үлес қосуға бірегей мүмкіндік бар. Оны біз пайдалануымыз керек! — деді ол.
Айта кету керек, егер сайлаушылар белгілі себеппен учаскеге келе алмаса, комиссия мүшелері жылжымалы жәшікпен үйлеріне барып, дауыс беруін қамтамасыз етеді. Референдум учаскесі кешкі 20:00-ге дейін ашық болады.
Майра ЕРҒАЛИ