АҚШ-тағы кездесу: Тоқаев Трампқа шақырғаны және қонақжайлылығы үшін алғыс білдірді

АҚШ, Вашингтон. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ақ үйдегі кездесуде Вашингтонға сапармен келуге шақырғаны және қазақстандық делегацияға көрсеткен қонақжай көңілі үшін АҚШ Президенті Дональд Трампқа ризашылық білдірді.

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Кездесу барысында Мемлекет басшысы Дональд Трамптың президенттік лауазымының тарихи маңызына тоқталып, оның басшылығымен Америка Құрама Штаттары әлемнің жетекші экономикалық, саяси және технологиялық державасы ретіндегі орнын нығайтып келе жатқанын атап өтті.

– Америка көшбасшысы жаһандық қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуде шешуші рөл атқарады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан Президенті АҚШ басшысының бітімгерлік бастамаларын толық қолдайтынын мәлімдеп, соның ішінде келешекте Орта дәлізді дамытуға ықпал ететін «Трамптың халықаралық бейбітшілік және өркендеу жолы» (TRIPP) бағдарламасына ерекше назар аударды.

Өз кезегінде Дональд Трамп АҚШ-тың Қазақстанмен көпжоспарлы кеңейтілген стратегиялық серіктестікті дамытуға ниетті екенін растады.

Сапар аясында екі ел арасында жалпы сомасы 17 миллиард доллардан асатын коммерциялық келісімдерге қол қойылды.

Келіссөздер кезінде тараптар екіжақты ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелерін, өзара тиімді серіктестіктің болашақ бағыттарын және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылады.