Абай орталығында Президент кеңесшісімен басқосу өтті

Абай орталығында өткен кездесуге облыстық білім беру басқармасының, мектепке дейінгі және мектеп білім беру мекемелерінің, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының өкілдері – барлығы 200-ге жуық адам жиналды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Кездесудің модераторы облыс әкімінің орынбасары Дарын Шамұратов болды. Шарада Мемлекет басшысы IV Ұлттық құрылтай отырысында берген тапсырмалардың орындалу барысы сөз болды.

Жергілікті мектептер мен колледж басшылары 2024–2025 оқу жылында атқарылған жұмыстар туралы баяндама жасады. №50 орта мектептің директоры Амангүл Қыздарбайқызының айтуынша, аталған оқу жылында өңірде мектеп директорларының кәсіби әлеуетін арттыруға және басқарушы кадрларды қайта даярлауға бағытталған «Атыраудың жаңа мектебі» жобасы жүзеге асырылған.

Бүгінгі таңда 50 мектептен 50 директор мен 100 директордың орынбасары бес оқу модулінен өтіп, Финляндия мен Эстонияда тағылымдамадан өтті. Мұғалімдер мен оқушылар үшін білім беру үдерісін қызықты әрі тиімді ету, оқушылардың ынтасын арттырып, мұғалімдердің уақытын үнемдеу және жүктемесін азайту мақсатында «AMANSULTAN» білім беру платформасы іске қосылды. Қазіргі таңда бұл платформаны облыстағы 187 мектептен 80 мыңнан астам оқушы пайдаланып отыр. Бұл балалардың функционалдық сауаттылығын арттырып, оларды PISA зерттеуіне дайындауға көмектеседі, – деді мектеп директоры.

Кездесу барысында С. Мұқашев атындағы Атырау жоғары политехникалық колледжінің директоры Бағыт Шеркешбаева да сөз сөйледі. Ол кеңесшіге Атырау облысында техникалық және кәсіптік білім алып жатқан студенттердің Жұмысшы мамандықтар жылы аясында «JasSkills», «WorldSkills» чемпионаттарына белсенді қатысып, облыстық және республикалық, тіпті, халықаралық байқауларда да жеңіске жетіп жүргенін айтты.

– Сонымен қатар, біз дуальды оқыту аясында кәсіпорындар және ұйымдармен тығыз байланыстамыз. Бос жұмыс орындары жәрмеңкелері өткізіліп тұрады, соның нәтижесінде біздің жас мамандар жұмысқа орналасу мүмкіндігіне ие болады, – деді ол.

Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаев жергілікті ұстаздарды тыңдап, Мемлекет басшысының әрдайым білім беру саласы қызметкерлерін қолдайтынын атап өтті.

– Мұғалімнің қоғамдағы рөлі әрдайым жоғары, – деді ол.

Ол педагогтардың миссиясы өте маңызды екенін, олардың еңбегі бүгінгі және келер ұрпақ үшін аса қажет екенін айтты. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы белгілеген басым бағыттарды – қоғамды цифрландыру, көлік және коммуникация саласын дамыту, энергетика мен ауыл шаруашылығын ерекше атап өтті.

– Сонымен қатар, бүгінде жастарды «Адал азамат» ұғымына тәрбиелеу, Әділетті Қазақстан құру жолында мемлекеттік тұтастықты, азаматтардың бірлігі мен ынтымағын сақтау аса маңызды, – деді Президент кеңесшісі.

Астаналық мейман Мемлекет басшысы жұмыс күнін газет-журнал оқудан бастайтынын да атап өтті. Себебі, Президент аймақтардағы жаңалықтарды дәл осы басылымдардан біледі.

– Қасым-Жомарт Кемелұлы Үкіметке тапсырмаларды аймақтық жаңалықтарға сүйене отырып береді. Сондықтан өңірлерге барған сайын мен барлық әкімдерге жергілікті басылымдарға жазылу науқанына қолдау көрсетуді тапсырамын, – деп түйіндеді Мәлік Отарбаев.

Амандық АБДОЛ

Суретті түсірген автор