Үміткерлерге мол мүмкіндік берілді

Биылғы сайлау әділ және ерекше жағдайда өтті деп ойлаймын. Өзім де Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісі депутаттығына үміткер ретінде сайлауалды бағдарламамды ұсынуға мүмкіндік алғаныма қуаныштымын. Мұнымен тоқтап қалмаймын, алдағы уақытта да ел иігілігіне еңбек ете беретін боламын.
 Расымен де, біздің Атырау облысы 30 жылдан бері қарай елді асырап келді. Бұны айтқанда, тек Атырауға ғана болсын деген оймен айтып отырған жоқпын. 2022 жылы елімізде 84 миллион 240 мың тонна қара алтын өндіріліпті. Оның басым бөлігі, яғни 22,5 миллион тоннасы «ҚазМұнайГаз» ҰК, 16,6 миллион тоннасы Chevron-ға, 9,4 миллион тоннасы ExxonMobil компаниясына тиесілі. Теңіз, Кашаған, Қарашығанақ жобаларына мұнай өндірісінің 63%-ы тиесілі. Қазір еліміздегі мұнай саласында 14 елдің инвесторы жұмыс істейді. Соңғы жеті жылда Қызылорда облысында мұнай өндіру көрсеткіші 48, Ақтөбеде 20, ал Маңғыстауда 7,5 пайызға төмендеген. Ал, БҚО-да өндірілген қара алтынның көлемі 6,5 процентке азайыпты. Өткен жылы Қазақстан 65 миллион тоннадан астам мұнай экспорттап, компаниялар 46 миллиард 900 миллион доллар табыс тапқан. Соның айтарлықтай бөлігі Атырауға тиесілі. Атырау ел бюджетіне 200 млрд-тан астам қаржы құйып отыр.Бал ұстаған, бармағын жалайды! Бар мүмкіндікті неге пайдаланбасқа?!
Екінші мәселе, Атырау экологиясының сын көтермейтіні баршаға аян. Кеңес өкіметі кезіндегідей, аудандық коэффициентті қайтару керек. Атырау тұрғындарының жалақысын өсірген жөн.
Үшіншіден, әлеуметтік желіде қайыр сұраған халық, баласын емдету үшін қаржы жинаған ана өріп жүр. Сондықтан күрделі мәселелерді шешу үшін республикалық, облыстық бюджеттен қор ашылуы тиіс. Жалғызбасты аналар туралы арнайы заң қабылдануы тиіс. Арқа сүйер отағасы жоқ, бір өзі баласын адамасыл етем деп жанұшырып жүрген жалғызбасты аналарға мәртебе берген абзал. Жалғызбасты аналар үшін арнайы жеңілдіктер қабылданғаны жөн. Ипотекамен баспана алған кезде, қызметке тұрған кезде оның статусы ескерілсе.
Гүлзада Ниетқалиева, ақын, филология ғылымдарының кандидаты