Мақаттық кейуана өз таңдауын жасады

№205 сайлау учаскесіне тіркелген ең қарт дауыс беруші Ұлдай Құпиева өз таңдауын жасады. 86 жастағы кейуана сайлау учаскесіне аяқтай келіп өз дауысын беріп кетті. 

- Бүгін елімізде өтіп жатқан саяси науқанға өз үлесімді қоссам деген ниетпен таңдауымды жасадым. Ел тағдырына алаңдайтын барлық тұрғын бүгінгі шарадан қалыс қалмауы тиіс деп ойлаймын. Халқымыз аман болсын! Өзгерістердің барлығы оңынан болсын!, – деді кейуана.

Қарт ана өз таңдауын жасағаннан кейін ақ батасын беріп, сәттілік тіледі.

Сайлау учаскесінің төрағасы Жасұлан Есенғожин маңызды істен қапы қалмағаны үшін қазыналы әжеге алғысын білдірді.

Денсаулығы бірқалыпты әже саналы ғұмырындағы барлық саяси науқандарға белсенді қатысып келеді екен.

М.Ізтұрғанова