Күлмай ана үйден дауыс берді

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттарының сайлауына Орлы ауылдық округіндегі №176 сайлау учаскесіне қарасты тұрғындар да белсенділікпен қатысуда.

Сайлау комиссиясының төрағасы Ерболат Сұлтановтың айтуынша мұндағы 1645 сайлаушының 300-ге жуығы өз таңдауын жасап үлгерді.  Сондай-ақ, тізімдегі өздігінен келе алмайтын үлкендер мен денсаулығы тартпайтын 66 адам үйден таңдау жасауға өтініш берген екен. ІІ топ мүгедегі Күлмай Сатыбалдиева:

– Парламент Мәжілісі мен мәслихаттардың сайлауы мен үшін де маңызды саяси науқан. Себебі, осыған дейін өзіміз сайлауалды бағдарламаларымен танысқан депутаттыққа кандидаттарға дауыс береміз. Олар еліміздің, ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлестерін қосады, біз көтерген мәселелерді шешеді деген сенімдемін. Сондықтан, аяқтай барып қатысуға жағдайым тартпағандықтан шеттеп қалмайын деп жәшік әкелуге өтініш бергенмін. Бүгін өз таңдауымды жасап жатырмын. Маған осындай мүмкіндік туғызып жатқан Ерболат Сұлтанов бастаған учаскелік сайлау комиссиясы мүшелеріне шексіз ризашылығымды білдіремін, – дейді. Дауыс беру жәшіктері басқа да өтініш берушілерге апарылуда.

Қанат ҒҰМАРОВ