Ақпараттық саясаттағы жаңашылдықтарды қамтиды

Президент бекіткен ақпраттық доктринаның "Ағымдағы жағдайды талдау" деп аталатын  екінші бөлімінде еліміздегі ақпараттық саясаттың жаңашылдықтары көрініс тапқан, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

"Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанның ақпараттық саясаты өз дамуының бірнеше кезеңінен өтті. 1990-шы жылдардың басынан 2000-шы жылдардың басына дейін отандық телевизия мен баспа индустриясының белсенді түрде қалыптасу үрдісі байқалды. Осы кезеңде мемлекеттік ақпараттық саясат отандық БАҚ-ты қолдауға бағытталды, бірақ, бұл ретте медиасаланың барлық субъектілерінен тең қашықтықты сақтау қағидатын ұстанды. 2000 – 2010 жылдар аралығында отандық медианың дамуына, ақпарат тарату нарығында үстемдікке ұмтылатын ірі ойыншылардың пайда болуына орай мемлекеттік ақпараттық саясат медиалық саланы реттеу әдістерін регламенттеуге және күшейтуге бағытталды. Соңғы жылдары ұлттық медиакеңістігі біртіндеп, бірақ айтарлықтай трансформацияға ұшырауда. Жаңа коммуникация арналарының пайда болуына байланысты аудиторияны одан әрі сегменттей отырып, медиатұтыну мәдениеті де өзгерді. Ақпараттық орта шекараларының біртіндеп жойылуы бұқаралық санаға әсер ететін факторлардың спектрін кеңейтті.

Дегенмен, "мемлекет – қоғам – азамат" қатынастары жүйесіндегі коммуникативтік тетіктердің жетілмегендігі ақпараттық ашықтық қағидатын толыққанды іске асыруға кедергі келтіреді. Мемлекеттік және қоғамдық институттардың мәлімделетін ақпараттық ашықтығы ақпараттық жұмысты жоспарлау мен жүргізу тәсілдерін қайта қарауды және формализм көріністерін жоюды талап етеді. Құқық қолдану практикасын бағалау қоғамның ақпаратқа қол жеткізу құқығы туралы нашар білетінін, халықтың ақпараттық сауаттылық деңгейінің төмен екенін көрсетеді. Бұл ақпараттық ұшындыруға қарсы іс-қимыл тетіктері тиімділігінің төмен болуымен бірге тұтынушылардың оқиғаларды бұрмалап қабылдауына ықпал етеді және қате мінез-құлық көзқарастарын қалыптастырады. Медиалық кеңістікте түрлі манипуляторлық технологияларды пайдалана отырып, арандатушы және беделін түсіруші контентті тарату қаупі азаматтардың, әсіресе кәмелетке толмағандардың ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңыздылығын көрсетеді.

Оның үстіне, "нейрожелі" және "deepfake" технологияларының таралуына орай медиакеңістікке жалған бейне-, аудиоконтентті тарату тәуекелі де бар. Жалпы алғанда, ақпараттық кеңістіктің ашықтығы республиканың медиалық саласының жалпы әлемдік трендтерден артта қалғанын көрсетті, бұл отандық БАҚ-тың тіпті ішкі ақпараттық өрісте де шетелдіктермен бәсекелес болуын қиындата түседі. Осы тұрғыда қазақ тіліндегі ақпараттық ресурстардың қоғамдық сананы қалыптастыруға әсер ету мәселесі өте өзекті болып отыр. Қазақстан Республикасының ақпараттық кеңістігінің дамуын талдау отандық ақпараттық ортаны азаматтардың құндылық-идеологиялық көзқарастарына теріс әсер ететін және ішкі саяси тұрақтылыққа қатер төндіретін сыртқы деструктивті әсерден, жалған ақпараттан қорғау жөнінде шаралар қабылдау қажеттігін көрсетеді.

Сонымен қатар, БАҚ-тың жекелеген түрлері бөлінісінде отандық медиасаланы дамытудың өзіндік ерекшеліктері бар:

1. Бүгінгі күні азаматтардың 9%-дан астамы үшін баспа басылымдары әлі де негізгі ақпарат көзі болып қалып отыр. Бұл ретте газет оқуға деген қызығушылықтың адам жасына тікелей тәуелді екені байқалады – адамның жасы неғұрлым үлкен болса, ол баспа басылымдарын соғұрлым жиі оқиды. Ауқымды аудиторияның баламалы коммуникация арналарына көшуі қоғамның баспа басылымдарына деген қызығушылығының ұдайы төмендеп бара жатқанын айғақтайды.

Осындай жағдай телерадио хабарларын таратуда да байқалады. Бірақ, бұл ретте танымалдылық деңгейіндегі алшақтық әсіресе өңірлер бөлінісінде жергілікті телевизия деңгейінде байқалады, бұл көбінесе монетизация деңгейінің төмендігіне және халыққа ұсынылатын контенттің сапасына байланысты. Негізгі телевизия контенті сериалдар мен ойын-сауық сипаттағы ток-шоуларға толы. БАҚ-тың танымал болуының маңызды құрамдас бөліктері, халықтың медиалық сауаттылығын арттыру және тұтынылатын контентке сыни көзқарасты қалыптастыру факторы – талдамалық бағдарламалардың, журналистік зерттеулердің, жарқын публицистиканың тапшылығы байқалады. Жалпы, телерадио хабарларын тарату саласындағы барлық субъектілердің техникалық базасы елеулі түрде жаңғыртуды қажет етеді. Дегенмен, телевизия мен радио өзінің аудиториясы ең ауқымды болатын, ең ықпалды ақпарат көздерінің бірі болып қала береді.

Сонымен қатар, олар төтенше жағдайлар кезінде халықты жедел хабардар ету міндеттерін шешу құралы болып табылады, елдің ең шалғай нүктелеріне жетуге мүмкіндік береді және адамдардың елде және әлемде болып жатқан оқиғалардан хабардар болуына мүмкіндік береді. Отандық теле- және радиостанцияларға тиісті көңіл бөлінген жағдайда, олардың шетелдік медиа алпауыттарымен бәсекеге түсуге мүмкіндік беретіндей әлеуеті бар екенін атап өту қажет. Бұл ретте мемлекеттік тілдегі контенттің оң өсу серпіні байқалады және орта мерзімді перспективада бұл үрдіс тек күшейе түседі.

2. Соңғы жылдары интернет-ресурстар отандық БАҚ арасында кең танымалдыққа ие болуда, бірақ мұндада мемлекеттік тілде сапалы контент жасау мәселесі өзекті күйінде қалып отыр. Бұл ретте интернет-БАҚ тек жаңалықтар таспасы форматында ғана басым бола бастады. Бейінді жаңалықтар материалдарын жасаумен қатар, авторлық және журналистік зерттеуді дамыту өзекті күйінде қалып отыр. Жергілікті жерлерде, оның ішінде конвергентті және мультимедиялық журналистика бойынша кәсіби мамандардың жетіспеушілігі салдарынан тұрғындарды жедел хабардар ету әлі күнге дейін қамтамасыз етілмейді. Интернет-БАҚ-ты негізінен жаңалықтар агрегаторы ретінде көрсету контент тұтынушыларының әлеуметтік медиаға көшуіне белгілі бір дәрежеде ықпал етті. Бұл бағыттағы тағы бір өзекті мәселе – нарықтың шектеулі екені. 19 миллион халқы бар еліміз үшін интернет-БАҚ-тың жұмысын монетизациялау өте қиын, бұл отандық журналистердің біліктілігіне де теріс әсер етеді.

3. Мобильді Интернеттің дамуының арқасында әлеуметтік желілер ел халқының кем дегенде жартысы, негізінен жастар үшін негізгі ақпарат көзіне айналды (2021 жылғы әлеуметтанушылық зерттеулер респонденттердің 45,2%-ы әлеуметтік медиадан ақпарат алуды таңдайтынын көрсетті). Жаһандық мессенджерлер мен онлайн-платформалардың дамуы медиаиндустрияның архитектурасын түбегейлі түрде өзгертті. Жалған ақпарат көздерінің біріне айналып отырған кейбір әлеуметтік желілерді саясаттандырудың барынша өсуі байқалады. Медиа-нарықта әлеуметтік желілер мен мессенджерлердің пайда болуы тұтынушыға онлайн-режимде ақпарат алуға мүмкіндік бере отырып, ақпарат алмасу процесін түбегейлі түрде өзгертті. Әлеуметтік желілер коммуникацияның негізгі арнасына және контентті тарату ортасына айналды, бұл нәтижесінде дәстүрлі БАҚ арқылы ақпаратты тұтыну үлесінің төмендеуіне алып келді. COVID-19 коронавирустық инфекциясының пандемиясы әлеуметтік медианың позициясын одан әрі күшейтті. Мессенджерлердің дамуына, блогерлік феноменнің пайда болуына байланысты дәстүрлі журналистиканың классикалық ұғымы мен аудиторияны хабардар ету әдістері трансформацияға ұшырады.

Қазіргі кезде кейбір блогерлердің аудиториясы сан жағынан жекелеген БАҚ аудиторияларымен бәсекелесе алады. Бұл ретте блогосфераның қоғамдық-саяси ақпарат алудың баламалы арнасына айналу үрдісі байқалады. Виртуалды шындық (VR) және толықтырылған шындық (AR) сияқты технологиялар танымалдылығының артуы байқалады, олар тұтынушылармен барынша белсенді өзара іс-қимылды қамтамасыз ете отырып, әлеуметтік желілермен интеграциялануға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, мәтіннің немесе бейненің үзіндісі түріндегі қысқа және жеңіл контенттің танымалдылығы бұқаралық аудитория күрделі және құрылымдалған ақпарат қабылдауды тоқтататын медиатұтыну әдеттерінің өзгеруіне алып келеді. Ақпараттар ағынын қысқа және жарқын бейнелер арқылы қабылдау тұтас бір түсінік бермейді, білімнің бөлшектенуіне алып келеді. Сыни тұрғыдан ойлау дағдылары болмаған жағдайда, бұл жаппай жалған ақпарат пен қоғамдық пікірді манипуляциялау тәуекелін тудырады" делінген доктринада.