Ақпараттық кеңістікті дамыту тәсілдері көрсетілген

Мемлекет басшысы бекіткен доктринада ақпараттық кеңістікті дамыту тәсілдері егжей-тегжейлі көрсетілген, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

3.3. Ақпараттық кеңістікті дамыту тәсілдері

Қазақстанның әлемдік қоғамдастықтың бір бөлігі болып табылатынын ескере отырып, мемлекеттік ақпараттық саясат өзгермелі әлемдік процестер мен үрдістерге жүйелі ден қоюды, сондай-ақ ұлттық мүдделерге сәйкес жаңа құралдарды белсенді түрде енгізуді көздейтін болады. Сонымен қатар, мұнда Қазақстанның сыртқы және ішкі даму контурындағы нақты жағдайларды ескеретін теңгерімді және прагматикалық көзқарас қажет. Доктринаны іске асыру аясында қабылданып жатқан шаралар кешендік тұрғыда отандық ақпараттық өнімнің және тұтас саланың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға; ақпараттық өрістің негізгі саяси-идеологиялық бағыттарында ұлттық құндылықтардың үстемдігін қамтамасыз етуге; сыртқы ақпараттық ықпалды тежеудің тиімді тетіктерін тұжырымдауға; халықаралық деңгейде сапалы ақпараттық қатысуды арттыруға; саланың нормативтік құқықтық базасын жетілдіруге ықпал етуге тиіс. Ақпараттық кеңістікті дамытудың негізгі тәсілдері: - ақпараттық саясатты жетілдіру; - отандық ақпараттық контенттің бәсекеге қабілеттілігі мен сапасын арттыру; - ақпараттық кеңістікті құндылықтық тұрғыдан толықтыру.

3.3.1. Ақпараттық саясатты жетілдіру

Мемлекеттік ақпараттық саясат мыналарды қамтамасыз етеді: 1) ішкі және сыртқы ақпараттық өрісте ұлттық мүдделерді ілгерілету; 2) бәсекеге қабілетті және қауіпсіз ұлттық ақпараттық кеңістікті қолдау және дамыту, жергілікті БАҚ-ты нығайту; 3) Қазақстанды аймақтық ақпараттық хабқа айналдыру, аймақтық интеграцияның бірыңғай стратегиясын қалыптастыру; 4) Қазақстан үшін практикалық қызығушылық тудыратын халықаралық ақпараттық компаниялармен тең құқылы және өзара тиімді қатынастарды нығайту; 5) азаматтардың, қоғам мен мемлекеттің мүдделерінің, құқықтары мен бостандықтарының теңгерімін, олардың өзара жауаптылығын сақтау; 6) отандық ақпараттық кеңістікте үстемдікті қамтамасыз ету, негативті ақпараттық ықпал ету қатерлеріне ден қою және жалған нарративтермен күресу мәселелерінде мемлекет пен қоғамның тиімді өзара іс-қимылы; 7) ақпараттық қауіпсіздік тәуекелдерін басқарудың қазіргі заманғы әдістерін енгізу; 8) сыртқы ақпараттық шабуылдарға, деструктивті идеологияның, үгіт-насихат пен жалған ақпараттың таралуына қарсы іс-қимыл тетіктерін жетілдіру; 9) мемлекет пен БАҚ әріптестігінің оңтайлы моделін, оның ішінде медиасаланың дамуын ынталандыру тетіктерін қалыптастыру; 10) медиасаланың жаңа субъектілері (интернет-платформалар, әлеуметтік желілер, инфлюенсерлер және т.б.) қызметінің ашықтығын қамтамасыз ететін заңнамалық шараларды қабылдау; 11) салалық журналистиканы және журналистік қызметті өзін-өзі реттеу институттарын дамыту үшін жағдайлар жасау; 12) конституциялық құрылысты қорғау, қоғамдық тәртіпті, адамның құқықтары мен бостандықтарын, халықтың денсаулығы мен ынсаптылығын сақтау мақсатында қажет шамада ғана және тек заңдармен шектелуі мүмкін әркімнің мемлекет иелігіндегі ақпаратқа тең қол жеткізу құқығын қамтамасыз ету.

3.3.2. Отандық ақпараттық контенттің бәсекеге қабілеттілігі мен сапасын арттыру

Отандық БАҚ-тың бәсекеге қабілеттілігін арттыру, сапалы отандық контентті қалыптастыру, оған деген сұранысты ұлғайту мақсатында: 1) халық арасында сыни ойлауды дамытуға, орнықты моральдық-адамгершілік бағдарларды қалыптастыруға ықпал ететін талдамалық мазмұны бар отандық ақпараттық өнімнің үлесін арттыру; 2) халықтың түрлі нысаналы топтары үшін ұлттың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және мемлекет имиджін нығайтуға бағытталған ғылыми-білім беру, мәдени-ағарту сипатындағы, бос уақытқа арналған және өзге де сипаттағы ақпараттық жобаларды қолдау; 3) отандық ақпараттық өнім өндірушілердің сыртқы нарықтарға шығуын ынталандыру; 4) журналистер мен инфлюенсерлердің кәсіби дағдыларын жетілдіруге жағдай жасау; 5) жаңа ақпараттық трендтерді және цифрлық технологияларды игеру; 6) қала мен ауыл арасындағы Интернетке қол жеткізудегі алшақтықты азайту; 7) телекоммуникация инфрақұрылымын дамыту саясатын жалғастыру және ақпарат және телерадио хабарларын тарату саласында қазіргі заманғы отандық техникалық стандарттарды енгізу жоспарлануда.

3.3.3. Ақпараттық кеңістікті құндылықтық тұрғыдан толықтыру

Түрлі медиаарналар арқылы трансляцияланатын дүниетанымдық көзқарастар негізін Қазақстанның әлемдік аренадағы ұстанымдарына сәйкес келетін, әрбір азаматқа қоғамымыздың негізгі құндылықтарын жеткізетін идеялар құрауға тиіс. Мемлекеттік ақпараттық саясаттың идеологиялық құрамдас бөлігі қоғамды топтастыруға, адамгершілік қағидаттарын нығайтуға, сондай-ақ мынадай ұлттық құндылықтарды ұстануға бағытталатын болады: 1) қазақстандық қоғамның басты құндылығы – тәуелсіздік пен патриотизм. Тәуелсіздіктің арқасында қоғам мен адам еркін және үйлесімді дамуға мүмкіндік алды. Патриотизм азаматтардың тәуелсіздікті қорғауға дайын болуынан ғана емес, елдің бүгіні мен болашағы үшін жеке жауаптылықты сезінуінен де көрінеді; 2) әділеттілік, заңның үстемдігі және сыбайлас жемқорлыққа мүлдем төзбеушілік. Қоғамда, экономика мен саясатта әділ қатынастарды қалыптастыру елдің табысты дамуының кепілі болып табылады. Құқықтық мәдениетті үнемі жетілдіріп отыру қажет. Заңдылық пен құқықтық тәртіп – әрбір азаматтың саяси, азаматтық, мәдени құқықтарын іске асырудың басты шарты. Цензураға тыйым салумен және азаматтық жауаптылықпен ұштасқан сөз бостандығы ақпараттық саланы дамытудың негізгі қозғаушысы болып қала беруге тиіс; 3) мемлекеттік тіл, тарих және мәдениет. Мемлекеттік тіл топтастырушы фактор болып табылады. Қазақ тіліндегі контенттің сапасын үнемі арттырып, оның таралу ауқымын кеңейту керек. Ұлттық тарих пен мәдениет қоғамның жасампаз қуатының қайнар көзі болып табылады. Бұл құндылықтарды дәріптеу қоғамда өзара түсіністік пен бірліктің берік іргетасын жасап, ортақ болашақтың контурын қалыптастырады; 4) еңбексүйгіштік пен білімге ұмтылу. Бұл құндылықтар жеке табыс пен қоғамның әл-ауқатын арттырудың кепілі бола отырып, кәсібилік пен құзыреттіліктің негізі болып табылады. Біздің қоғамда еңбек адамы өнеге тұтар үлгі болуға тиіс; 5) отбасы құндылықтары және баланы қорғау. Отбасында адамгершілік тәрбиесінің, дәстүрлер сабақтастығының және ұлттың мәдени кодын сақтаудың негіздері қаланады. Ақпараттық саясат дәстүрлі отбасы институтын нығайтуға, бақытты балалық шақты қамтамасыз етуге бағытталған; 6) жасампаздық және прогрестілік. Азаматтардың қажыр-қуаты мен таланты – ел дамуының негізгі факторы. Азаматтардың шығармашылық қабілеттерін ашуға және өз мүмкіндігін өзі іске асыруына жағдай жасау халықтың жасампаздық күшіне серпін береді; 7) табиғатқа, қоршаған әлемге ұқыпты қарау. Экологиялылық – барлық азаматтар, мемлекет және бизнес үшін стратегиялық маңызды өмірлік қағидат. Экологиялық ойлауға баулу ақпараттық саясаттың негізгі бағыты болуға тиіс.