Астрахандық және қазақстандық ғалымдар өсімдіктің жаңа түрін ашты. Ежелде оны "мәңгілік өмірдің шөбі" деп атаған екен, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Мәселенің мән-жайын білмек болып біз В.Татищев атындағы Астрахан мемлекеттік университетінің баспасөз қызметіне хабарластық. Белгілі болғандай, аталған оқу ордасының іргелі биология кафедрасының профессоры Алексей Лактионов басқарған "Индер-2025" халықаралық ғылыми-зерттеу экспедициясы барысында Иванов астрагалы табылды. Бұл - бұтақтары бар бұта. Оның эндемикалық қасиеті анықталды, яғни, ол тек белгілі бір аймақта өседі.
Жаңа өсімдіктің ашылуына АМУ аспиранты Саягүл Ахмеденова, РҒА Орал бөлімшесінің ботаникалық бағының эксперименттік экология және өсімдіктерді бейімдеу зертханасының меңгерушісі Михаил Князев, сондай-ақ, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінен әріптестер қатысты.
Айта кетейік, әлемде астрагал тұқымдас өсімдіктердің 5 мыңға жуық түрі белгілі. Ежелгі скифтер оны "мәңгілік өмірдің шөбі" деп атаған. Астрагалдың қасиеттері адамтамырға (женьшень) жақын. Ол иммунитетті нығайтады, вирусқа қарсы қасиеттерге ие, ағзаға суықпен, тұмаумен және бронхитпен күресуге көмектеседі. Сондай-ақ, астрагалдан алынған препараттар бауырдың жұмысын жақсартады, қандағы қант мөлшерін азайтады, тамырларды кеңейтеді. Ресейлік ғалымдар онкологиялық ауруларды емдеу үшін астрагалдарды қолдану мүмкіндігін зерттеп жатыр.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ
Сурет: В.Татищев атындағы Астрахан мемлекеттік университетінің баспасөз қызметі, А.Лактионов, С.Ахмеденова