Атыраулықтарды таңқалдырған Нұргүл деген кім? (+ВИДЕО)

Нұргүл есімді төрт аяқты дос қала тұрғындарының сүйіктісіне айналып алған. Себебі, ол тек қазақ тіліндегі командаларды орындап қана қоймай, математикалық есептерді де шығара алады, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Нұргүл атты итті кешкісін Жайық жағалауынан, Жеңіс саябағынан немесе Исатай мен Махамбет алаңынан кездестіруге болады. Өтіп бара жатқан адамдар оған үнемі: «Сәлем, Нұргүл!» деп амандасады. Ал, ол міндетті түрде сыпайы түрде құйрығын бұлғап, отырады да, алдыңғы аяғын көтеріп жауап береді. 

Оның қасынан жай өте шығу мүмкін емес. Ол қала тұрғындарының үнемі назарында. Ерекше қабілеттерімен ересектер мен балаларды тез баурап алады. Жұрт алдында шағын қойылымдар да көрсетеді: «отыр» десе — отырады, «тұр» десе — тұрады, ал, «бірге екі қосқанда қанша болады?» деген сұраққа сенімді түрде үш рет үреді. Әлі күнге дейін бірде-бір рет қателескен емес.

Иттің иесі, 48 жастағы Нұрбол Қамиевтің айтуынша, төрт жыл бұрын досы оған Санкт-Петербургтен күшік әкелген. Құжат бойынша бұл — жапондық акита-ину тұқымының иті, аты — Николь, қысқаша — Ники. Бірақ есімі күтпеген жерден өзгеріп шыға келген. 

«Бірде жағалауда бізге бір топ жасөспірім келді. Бір бала қасындағы қызына: “Қарашы, бұл ит саған қатты ұқсайды” деді. Ал, қыздың аты Нұргүл екен. Сол сәттен бастап оның жаңа есімі пайда болды» деп еске алады Нұрбол күліп.

Сол Нұргүл есімді ит қазір Нұрболдың отбасымен бірге жеке үйде тұрады. Нұрболдың марқұм әкесі, жануарларды ерекше жақсы көретін адам, Нұргүлге алғашқы командаларды үйреткен. Олардың отбасында әрдайым ерекше есімді иттер болған: Гонщик, Айқай, Маток, Бытшыт... Алайда бұрынғы иттердің тағдыры ауыр болған — оларды ұрлап кеткен. Осыдан кейін Нұрбол Нұргүлдің мойнына GPS құрылғысын тағып қойған.

«Енді мен оның қайда жүргенін әрдайым біліп отырамын. Атырау — мейірімді қала, бірақ менің итім ақылды әрі бағалы. Сондықтан көңілім тыныш» дейді ол.

Жазда Нұргүлді күнара, қыста — айына бір рет шомылдырады. Сол себепті ол үнемі таза, жүні үлпілдек әрі жұмсақ. Тамақ рационында үнемі ет, балық және тек таза су болады. Ал, есепке деген ерекше қабілеті кездейсоқ анықталған. 

«Мен бұл тұқымды зерттей бастадым. “Хатико: ең адал дос” фильмін қайта қарап шықтым. Мұндай иттер адал әрі өте ақылды болатынын білдім. Бірде: “Екі қосу екі қанша болады?” деп сұрасам, ол төрт рет үрді. Ойладым — сәйкестік шығар. Бірақ әрі қарай қызық бола түсті. Қазір ол беске дейінгі қарапайым есептерді шеше алады. Барлық үйретуге небәрі 27 күн кетті», — дейді иесі.

Нұрболдың айтуынша, досы оған Никольді әкелгенде, қасында тағы бір күшікті бірге алып келген. Оны басқа танысына берген. Қазір соларды жұптастырып тұрады. Өткен жылы Нұргүл күшіктеп, жеті күшік туған.

Бүгінде бұл ерекше ит — Атыраудың нағыз жұлдызы. Оны телефонға түсіреді, суретке шақырады, тіпті таныс адамдай амандасады. Нұрболдың айтуынша, Нұргүл фильмге де түсе алады. Сондықтан олар кез келген ұсынысқа ашық. Қазақ тілін түсінетін, есеп шығара алатын, өнерлі әрі ақылды ит көрерменге міндетті түрде ұнайды деп сенеді. Айтпақшы, иттің әлеуметтік желілерде жеке парақшасы да бар (сілтемесі осында)

Динара ҚАНБЕТОВА

Аударған: Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ