Атыраулық әуесқой фотограф Филипп Ципленков сирек кездесетін сәтті – сал болып қалған тарантулды суретке түсіріп алды. Ол, бәлкім, паразиттік араның құрбаны болған болуы мүмкін, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Бұл ерекше кадрды жабайы табиғатқа әуес атыраулық әуесқой фотограф Филипп Ципленков түсіріп алған. Ол сирек кездесетін көрініске – сал болып қалған өрмекшіге куә болған. Автордың айтуынша, өрмекші қозғалмай жатқан, бұл, болжам бойынша, паразиттік араның шабуылынан кейін болған. Ара өрмекшінің жүйке орталығына уын дәл шашып, оны сал қылған. Мұндай көріністерді түсіру өте қиын, бұл әдетте тез әрі көзден таса жерлерде орын алып жатады.
— Бұл көріністі мен Тасқала ауылындағы саяжай маңында кездестірдім. Ол жерде жиі кездесетін қызықты құстарды суретке түсіру үшін барған едім. Көзімнің шетімен бір қимылды байқап қалдым, бірақ бірден не екенін түсінбедім. Үлкен, түкті аяқтары бар жәндік шорқақ қозғалып, секіріп ұшып жылжып отырды. Жақынырақ қарасам, кішкентай қара ара өзінен әлдеқайда үлкен, сал болып қалған өрмекшіні сүйреп бара жатыр екен. Екі нұсқа ойыма келді: біріншісі – оны жейді, екіншісі – оған жұмыртқасын салып, тұқымын жалғастырады, – дейді Филипп Ципленков.
Мамандардың айтуынша, мұндай мінез-құлық жол араларына, яғни помпилидтерге (Pompilidae) тән. Олар өрмекшіні тауып алып, жүйке орталығын шағып, сал қылады (бірақ өлтірмейді). Кейін олжасын қолайлы жерге сүйреп апарып, шұңқыр қазады. Сол жерге өрмекшіні тығып, үстіне жұмыртқасын салады да, інді көміп тастайды. Салданған өрмекші тіршілік функцияларын сақтап тұрады – мысалы, иммундық жүйесі жұмыс істеп тұрады, сол себепті шірімейді және бактериялар мен саңырауқұлақтарға жем болмайды. Жұмыртқадан шыққан дернәсілдер өрмекшіні тірідей жей бастайды, кейін қуыршаққа айналып, жаңа ара болып жер бетіне шығады.
33 жастағы Филипп Ципленков соңғы екі жыл бойы фотосуретке әуестеніп жүр. Ол «ҚазТрансОйл» АҚ-да слесарь болып істейді. Фото түсіру – ол үшін мамандық емес, жан қалауы, сүйікті ісі. Оның айтуынша, өзі түсірген ең сүйікті суреті – ұшып бара жатқан үкінің бейнесі. Бұл сәт дәл уақытында шабытпен түсірілген және ол әлі күнге дейін Филиппке ерекше мақтаныш сезімін сыйлайды.
Фотосуретшінің барлық жұмыстарын осы жерден қарауға болады.
Амандық АБДОЛ
Фото: Ф.Ципленков