Жол-көлік оқиғасын онлайн рәсімдеуге болады

«Еурохаттама» мобильді қосымшасы арқылы жол-көлік оқиғасы орын алған жағдайда азаматтар полиция мен сақтандыру мекемесі қызметкерлерінсіз онлайн түрде рәсімдей алады, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Ол үшін жол-көлік оқиғасына тек екі көлік құралы қатысуы, екі жүргізушіде де қолданыстағы сақтандыру полисі болуы және өзара келіспеушіліктер болмауы тиіс. Сонымен қатар, оқиға салдарынан зардап шеккен адамдар болмауы және көлік құралдарының зақымдануы 100 АЕК-тен аспауы қажет.

Қосымша арқылы оқиға орнын мұқият сипаттап, барлық мән-жайды фото және бейнематериалдармен толық көрсетуге болады. Өтініш жолданғаннан кейін екі жүргізуші де онлайн түрде қол қояды. Рәсімдеу үшін жүргізушілер ұялы телефонға «Еурохаттама» қосымшасын жүктеп, тіркеліп, оқиға материалдарының фото және видеосын енгізуі қажет. Қажет болған жағдайда жақын жердегі полиция бөлімшесіне жүгініп, көмек ала алады.

Бұл жүйенің басты артықшылығы — ұсақ жол-көлік оқиғаларын рәсімдеу үшін полицияны күтудің қажеті жоқ, жүргізушілер әкімшілік жауапкершілікке тартылмайды және әкімшілік әрі сот рәсімдері болмағандықтан сақтандыру төлемдерінің мерзімі едәуір қысқарады. Бұрын төлем алу 30–90 күн аралығын алса, қазір хаттама тіркелген сәттен бастап 5 күн ішінде төленеді.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ 

Фото: автор