Онлайн-платформалар мен масс-медиа саласында құқыққа қайшы контенттің таралуын азайтуға бағытталған жаңа заң жобасы ұсынылды, деп хабарлайды AtyrauPress.
Заң жобасын Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі әзірледі. Ол интернеттегі ақпараттық қауіпсіздікті күшейту, онлайн-платформалар мен аудиовизуалды арналарды заңдық негізде реттеу, мемлекеттік органдардың ресми жауаптарын белгілеу мақсатында дайындалған.
Бұрын платформалардың қызметі нақты заңмен реттелмегендіктен, жалған ақпарат немесе қауіпті видеороликтер оңай таралып кеткен. Мысалы, әлеуметтік желіде қауіпті видео жарияланса, оны кім жауапқа тартатыны белгісіз болатын.
Жаңа заң жобасы бойынша:
Онлайн-платформалардың өкілдіктерін тіркеу міндеттеледі;
Мемлекеттік органдардың ресми жауаптары таңбаланып, нақты көрсетіледі;
Аудиовизуалды арналар лицензияланады;
Ұлттық теле-радио хабарларын тарату операторларының міндеттері анықталады;
Заңнама онлайн-платформалар мен масс-медиа дамуына сай өзектендіріліп, құқықтық база жаңартылады.
Мысалы, енді егер платформада қауіпті немесе жалған ақпарат таралса, тіркелген өкілдік арқылы заңға сәйкес жауап береді, ал аудиовизуалды арналар тек лицензияланған түрде хабар тарататын болады. Бұл интернет пен медиа саласында сенімділікті арттырады және азаматтарды қорғауға мүмкіндік береді.
Заң жобасы 2025 жылғы 29 желтоқсанға дейін қоғамдық талқылауда болады, және барлық мүдделі тараптар өз пікірін білдіре алады.
Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ.