«Заң мен тәртіп»: Атырауда «Халықтық» театрлар фестивалі өтпек

Бұл туралы облыстық ғылыми-әдімстемелік халық шығармашылығы мен мәдени демалыс қызметтерін ұйымдастыру орталығының басшысы Жәнібек Аманиязов баспасөз брифингінде мәлім етті, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Іс-шараның мақсаты – қалалық және аудандық мәдениет бөлімдеріне қарасты «Халықтық» атағы бар театр ұжымдарының шығармашылығын жандандыру, репертуарларын толықтыру және ұлттық театр өнерінің дамуына серпін беру.

Орталық басшысы Жәнібек Аманиязов фестивальдің маңызына тоқталды.

— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Заң мен тәртіп» қағидатын қоғамда орнықтыру қажеттігін атап өтті. Осы бағытта мәдениет саласы да өз үлесін қосуы тиіс. Театр – тәрбие құралы. Сахна арқылы біз жастарға құқықтық сана, жауапкершілік, адалдық секілді құндылықтарды жеткізуді көздейміз. Фестивальде қоғамда өзекті болып отырған лудомания, буллинг, вандализм, отбасылық зорлық-зомбылық, нашақорлық және алаяқтық мәселелері көрініс табады, — деді ол.

Қазіргі облыс бойынша 16 «Халықтық» театр жұмыс жасайды. Биыл фестивальге қала және жеті ауданнан 9 театр қатысады.

ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Атырау облысының Құрметті азаматы, театр актері Сәбит Қожабеков халықтық театрлардың рөліне ерекше тоқталды.

— Халықтық театрлар – ауыл мен ауданның рухани тірегі. Олар тек өнер көрсетіп қана қоймай, қоғамдағы өзекті мәселелерді көтереді. Осындай фестивальдер арқылы ұжымдардың ізденісі артып, шығармашылық деңгейі көтеріледі. Ең бастысы, көрермен ой түйіп, тәрбиелік мәні бар дүниені сахнадан көреді, — деді С.Қожабеков.

Фестивальдің ашылу салтанаты 20 ақпанда 14:30-да Махамбет атындағы Академиялық қазақ драма театры сахнасында өтеді.