"Заң мен тәртіп": Атырауда интернет-алаяқтық азайып келеді

Атырау облысында жыл басынан бері 150-ден астам қылмыстық іс тіркелді. Оның басым бөлігі – интернет алаяқтық деректері. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда бұл көрсеткіш 20%-ға төмендеген, – деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Өңірде тіркелген киберқылмыстардың көбі интернет-дүкендер арқылы жалған тауар сату, өзін банк қызметкері ретінде таныстырып алдау және фишингтік сілтемелер жіберу арқылы азаматтардың жеке деректерін иемденумен байланысты. «Кибербақылау» платформасының көмегімен 1300-ден астам фишингтік сайт анықталып, бұғатталған.

– Алаяқтар көбіне WhatsApp, Instagram, Telegram, Facebook секілді әлеуметтік желілерді пайдаланып, азаматтарды алдап, ақша бопсалайды. Кей жағдайда шетелдік нөмірлерден немесе жалған аккаунттардан хабарласып, сенімге кіреді. Алаяқтардың құрбандарының жасы әртүрлі, – деді Атырау облысы ПД киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі Дәурен Мұханбетқалиев.

Мамандар бейтаныс адамдарға банк картасының деректерін, SMS арқылы келген кодтарды және жеке мәліметтерді ешқашан бермеуге шақырады. Егер белгісіз нөмірден қоңырау шалып, өзін мемлекеттік орган қызметкері, банк маманы немесе курьер ретінде таныстырса, әңгімені дереу тоқтатып, ақпаратты тек ресми арналар арқылы нақтылау қажет. Сондай-ақ күмәнді сілтемелерге өтпеу және бейтаныс қосымшаларды жүктемеу – киберқауіпсіздіктің басты талаптарының бірі.

Фото: ru.freepik.com