Жыл басынан бері өңірде жасөспірімдермен және оларға қатысты жасалатын құқықбұзушылықтардың алдын алу, олардың қауіпсізідігін қамтамасыз ету мақсатында «Түнгі қаладағы балалар», «Жасөспірім», «Жасөспірім және жауапкершілік», «Жанұя және бала», «Жаз» іс-шаралары өткізілді. Бұл туралы қалалық полиция басқармасы Қоғамдық қауіпсіздік бөлімі бастығының орынбасары Махсот Амангерейұлы баспасөз брифингінде мәлім етті,- деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
- Жасөспірімдер арасындағы қылмыстың өткен жылдың кезекті кезеңімен салыстырғанда өсімі байқалады. Алайда мүдделі органдармен бірлескен шаралар нәтижесінде 11 ай қорытындысымен кәмелетке толмағандарға қарсы жасалған қылмыс 13,7%, балалар арасындағы жиныстыш сипаттағы заңсыз әрекеттер 25,6% төмендеді,- деді М.Амангерейұлы.
Бүгінге дейін облыс бойынша 235 оқушы мектепішілік есепке алынса, түрлі құқықбұзушылық жасаған 187 бала полиция есебінде тұр. Сонымен қатар бала тәрбиесімен айналыспай отырған 200-ге жуық ата-ана бақылауға алынды.
- Атырау облысындағы білім беру ұйымдарында ата-аналар комитеті жұмыс істейді. 227 мектепте ата-аналарды қолдайтын педагогикалық орталықтар құрылған. Жаңа оқу жылы басталғалы 768 ата-аналар жиналысы өткізіліп, 70 мыңға жуық адам қамтылған. Чаттар арқылы балалардың қауіпсіздігі мен тәрбиесіне қатысты жүйелі ақпараттар, ескертулер таратылып келеді. Жастар арасындағы құқықбұзушылықтың басым бөлігі кешкі уақытта, яғни, сабақтан кейінгі уақытта болады. Сондықтан ата-аналар бала тәрбиесіне аса мән беріп, қоғам болып бірлесіп жұмыс жасауымыз керек,- деді облыстық Білім беру басқармасының бөлім басшысы Дулат Хамзин.