Тағы бір ауыл ішімдіктен толықтай бас тартты

Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданы Біржан ауылдық округіне қарасты Қуаныш ауылының тұрғындары ішімдік атаулыдан толықтай бас тартты.
Бұл бастама ауылдағы қоғамдық тәртіпті нығайтуға және құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған, деп хабарлайды Polisia.kz.

Аталған елді мекен Зайсан ауданында ресми түрде тіркелген үшінші үлгілі ауыл ретінде танылып отыр. Мамандардың айтуынша, мұндай шешім тұрмыстық зорлық-зомбылықтың, құқыққа қарсы әрекеттердің алдын алуға және заңға бағынатын мінез-құлықты қалыптастыруға оң ықпал етеді.

Қазіргі таңда Қуаныш ауылында 80-нен астам тұрғын үй бар, онда шамамен 370 адам тұрады. Ауыл халқының ортақ ұстанымы қоғамдық келісімді сақтауға, тыныш әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға негізделген.

Жергілікті тұрғындардың бұл бастамасы жастарға салауатты өмір салтын насихаттаудың нақты үлгісі ретінде бағаланып отыр. Құқық қорғау органдары мұндай елді мекендердің тәжірибесін өзге өңірлерге де енгізу маңызды екенін атап өтті.