Сотталғандарды мерзімінен бұрын босату енді қоғамдық бақылаумен жүзеге асады

Қазақстанда сот әділдігін жетілдіруге бағытталған маңызды заң жобасы Мәжілісте қаралып жатыр.

Құжатта ауыр және аса ауыр қылмыс жасаған сотталғандарды шартты түрде мерзімінен бұрын босату немесе жазасының өтелмеген бөлігін жеңіл жазаға ауыстыру туралы өтініштерді қарау процесіне алқабилердің қатысуы ұсынылады. Бұл - сот жүйесін қоғамға барынша ашық етуге бағытталған жаңа қадам болмақ.

Қазір мұндай өтініштерді сот тек судьяның жеке қарауымен шешеді. Яғни сотталған адамның шартты түрде босатылуы немесе жаза түрінің өзгертілуі - бір адамның шешіміне тәуелді. Ал жаңа заң жобасында бұл мәселе енді бір судья мен алты алқабиден тұратын сот құрамының қатысуымен қаралуы ұсынылып отыр.

Заң жобасы бойынша, сотталған адамның өтініші келіп түскен соң іс ашық сот отырысында қаралады. Егер заң қабылданса, сот процесі айқын әрі әділ өтеді деген сенім бар. Алқабилерді іріктеу де арнайы талаптармен жүргізіледі. Іріктеу жабық сот отырысында өтіп, айына бір реттен артық өткізілмейді. Бұл механизм алқабилердің бейтараптығы мен объективтілігін қамтамасыз ету үшін жасалып отыр.

Заң жобасы тек ауыр және аса ауыр қылмыстар үшін жазаланған, бірақ жазасының белгілі бір бөлігін өтеп, түзелу жолына түскен азаматтарға қатысты қолданылмақ. Яғни бұл өзгеріс барлық сотталғандарға емес, нақты санатқа ғана бағытталған. Сонымен қатар, өтінішті қарау кезінде сотталған азаматтың өзі де сот процесіне қатысып, өз ұстанымын білдіруге құқылы болады.

Ұсынылған өзгерістер Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексіне енгізіледі. Құжатта сот үкімін орындауға байланысты бірқатар баптарға толықтырулар жасалып отыр. Оның ішінде шартты түрде мерзімінен бұрын босату немесе жазаны жеңілдету туралы өтінішті судья алқабилермен бірлесе отырып қарауы, үкімнің шығарылу мерзімі, алқабилерді іріктеу тәртібі және процестің ашықтығы нақты жазылған.

Жобаның басты мақсаты - сот процесінің әділеттілігін арттыру және қоғамның сенімін нығайту. Қоғам өкілдерінің, яғни алқабилердің сот процесіне қатысуы арқылы шешім қабылдау процесіне қоғамдық бақылау орнайды.

Қазіргі уақытта бұл заң жобасы Мәжілістің қарауында. Егер депутаттар тарапынан мақұлданып, Сенатта да қолдау тапса, заң 2026 жылдан бастап Ақтөбе, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстары мен Шымкент қаласында пилоттық режимде күшіне енеді. Тәжірибе сәтті өтсе, 2028 жылдан кейін еліміздің басқа өңірлеріне де енгізілуі мүмкін.

Сарапшылардың пікірінше, бұл заң жобасы сот процестерінің ашықтығына жол ашып, сотталған азаматтардың құқықтарын қорғауға және жазасын өтеу процесінің әділетті болуына септігін тигізеді. Сонымен қатар, халықтың сот жүйесіне деген сенімін арттыруға ықпал етеді.

Материал ҚР Парламентінің ресми сайтында жарияланған заң жобасына негізделген.