ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Премьер-Министр Олжас Бектеновтің атына Қарулы Күштердегі әскери тәртіп пен құқықтық тәртіпті нығайту мәселесіне арналған депутаттық сауал жолдады, - деп хабарлайды AtyrauPress.
Хатта халық қалаулылары қазіргі заңнаманың әскери қызмет саласындағы тәртіп пен жауапкершілікті толық қамтамасыз ете алмай отырғанын атап өтті. Депутаттардың пікірінше, қолданыстағы құқықтық нормалар ескіріп, әскери полиция мен қолбасшылық құрылымдарының өкілеттіктері нақты айқындалмаған.
Қоғамның әскерге сенімі – ұлттық қауіпсіздіктің кепілі
Сауалда әскери тәртіптің Қарулы Күштердің тиімділігі мен тұрақтылығын айқындайтын негізгі фактор екені баса айтылған. Дегенмен, депутаттар соңғы жылдары орын алған бірқатар мәселелерге - бөлімнен өз бетімен кету, жарғыдан тыс қатынастар, сыбайлас жемқорлық және психологиялық тұрақсыздық көріністеріне алаңдаушылық білдірді.
«Қолданыстағы құқықтық база тәртіптік жауапкершілікті және рәсімдердің ашықтығын толық қамтамасыз етпейді. Ал бұл қоғамның әскерге деген сеніміне әсер етеді», - делінген депутаттық сауалда.
Негізгі ұсыныстар
Мәжілісмендер әскери тәртіпті нығайту мақсатында бірқатар нақты шараларды ұсынды:
- әскери полиция, қолбасшылық және құқық қорғау органдары арасындағы функцияларды нақты ажырату;
- бөлімнен өз бетімен кету фактілеріне қатысты жауапкершілікті қатаңдату;
- теріс себептермен қызметтен босату және әлеуметтік кепілдіктерді теріс пайдалану мәселелерін реттеу;
- әскери психологтарды даярлау мен аттестаттау жүйесін енгізу;
- суицидтің алдын алу жөніндегі ведомствоаралық бағдарламаны әзірлеу;
- сержанттар мен келісімшарттық әскери қызметшілерге арналған көшбасшылық және зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша міндетті оқу бағдарламаларын енгізу.
Депутаттардың айтуынша, аталған шаралар әскердегі төтенше оқиғалардың алдын алуға, командирлер мен әскери полиция органдарының жұмысын тиімді етуге және тәртіптің заманауи цифрлық бақылау жүйесін құруға мүмкіндік береді.
Президент тапсырмалары ескерілмек
Мәтінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың армиядағы тәртіп пен құқықтық мәдениетті арттыру жөніндегі тапсырмаларына да сілтеме жасалған. Президент бұған дейін әскерде моральдық-психологиялық ахуалды жақсарту, сыбайлас жемқорлықтың және жарғыдан тыс қатынастардың алдын алу қажеттігін бірнеше рет атап өткен болатын.
«Бұл бағыттағы жұмыстардың нәтижелі болуы заңнаманы жетілдіруге тікелей байланысты», - делінген сауалда.
Құжатқа қол қойғандар:
Депутаттық сауалға Мәжіліс депутаттары А. Лукин, Д. Қыдырәлі, С. Ершов, Б. Жексенбай, А. Нұғманов, Г. Сарыбаев, А. Сатвалдиев және Г. Шиповских қол қойған.
Халық қалаулылары Премьер-Министрден заңда белгіленген мерзімде жазбаша жауап беруді сұрап отыр.