Отбасындағы зорлық бойынша Атырауда 30 қылмыстық іс тіркелген

Атырау облысы аумағында жыл басынан бері отбасы тұрмыстық зорлық-зомбылық фактісі бойынша 30 қылмыстық іс тіркеліп, 12 қылмыстық іс сотқа жолданған, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Атап айтсақ, ҚР Қылмыстық Кодексінің 108-1-бабымен 6 дерек, 109-1-бабымен 24 дерек тіркелді. Ал, ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 128-бабы бойынша барлығы 5 күдікті ұсталған.

"Зорлық-зомбылық фактілерінің құрбаны немесе куәгері болсаңыз, дереу «102» арнасына хабарласу қажеттігін ескертеміз. Құқығыңыздың тапталуына жол бермеңіз!" дейді атыраулық тәртіп сақшылары.

Айта кетейік, 2024 жылдың 15 сәуірінде Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңына қол қойды. Енді денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру, ұрып-соғу сияқты құқық бұзушылықтар үшін қылмыстық жауапкершілік көзделеді.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Фото: ru.freepik.com