Министрдің орынбасары Атырау облыстық полиция департаментінің жаңа бастығын таныстырды

Атырау облысы полиция департаментінің жеке құрамына жаңа басшы таныстырылды, деп хабарлайды AtyrauPress.
Қызметтік кездесуге Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары, полиция генерал-майоры Айдар Сайтбеков қатысып, өңір полицейлерімен жұмыс жиынын өткізді.

Кездесу барысында Атырау облысы полиция департаментінің жаңа бастығы, полиция генерал-майоры Оңал Бекеев ресми түрде таныстырылды. Сонымен қатар, осы уақытқа дейін департаментті басқарған полиция генерал-майоры Нұрхат Оразбаевтың атқарған қызметі жоғары бағаланып, оған алғыс білдірілді. Ол енді Ұлытау облысы полиция департаментінің бастығы қызметін атқарады.

Ішкі істер министрінің орынбасары Айдар Мүтәлікұлы Сайтбеков Мемлекет басшысының тапсырмалары мен Ішкі істер министрлігі алқасының 2025 жылдың қорытындысы бойынша айқындалған негізгі басымдықтарын жеке құрамға жеткізді. Жиында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, жол-көлік қауіпсіздігін күшейту, қылмыстың алдын алу, киберқылмысқа қарсы іс-қимылды жетілдіру, сондай-ақ қоғамда «Заң мен Тәртіп» қағидатын орнықтыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.

 

Кездесу соңында министрдің орынбасары департамент басшылығына нақты тапсырмалар беріп, жаңа тағайындалған басшыға жүктелген міндеттерді сапалы әрі тиімді орындаудың маңыздылығын атап өтті.