Мәжіліс балаларды зиянды ақпараттан қорғауға бағытталған заң қабылдады

Мәжілістің жалпы отырысында «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне архив ісі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы екінші оқылымда қаралып, қабылданды, - деп хабарлайды AtyrauPress.

Құжат аясында балалардың психикалық және рухани дамуына кері әсер ететін контентті шектеуге бағытталған маңызды нормалар енгізілді.

Жаңа заңға сәйкес, енді жария кеңістікте, бұқаралық ақпарат құралдарында, телекоммуникация желілерінде және онлайн-платформаларда педофилияны немесе дәстүрлі емес жыныстық бағдарды насихаттайтын ақпаратты орналастыруға тыйым салынады.

Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаевтың айтуынша, бұл түзетулер қоғамда жиі көтеріліп жүрген, балалар мен жасөспірімдерді цифрлық кеңістіктегі зиянды ақпараттардан қорғау мәселесін шешуге бағытталған.

- Балалар мен жасөспірімдердің отбасы, имандылық және болашақ туралы түсінігіне кері әсер ететін ақпаратты күн сайын желіде кездестіріп жүрміз. Жас ұрпақты заңсыз контенттен қорғау — олардың қауіпсіздігі мен психикалық денсаулығының мәселесі. Сондықтан бұл заң қоғам сұранысына сай және уақыт талабы болып отыр, – деді депутат.

Ол сондай-ақ ұсынылған нормалардың басты мақсаты - өскелең ұрпақты «жат ағымдар мен теріс идеологиядан» сақтау екенін атап өтті.

- Бала - біздің болашағымыз. Олардың санасын улайтын, өміріне теріс әсер ететін ақпараттан қорғау - ортақ міндетіміз. Әрине, цифрлық заманда ақпаратқа толық тосқауыл қою мүмкін емес, бірақ заңға қайшы және адамдыққа жат контентті шектеу - орынды қадам, - деді Е. Бейсенбаев.

Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин да бұл бастаманы қоғамның сұранысы екенін атап өтті. Оның сөзінше, былтыр E-petition.kz мемлекеттік платформасында жарияланған ЛГБТ насихатына қарсы петиция қысқа уақыт ішінде 50 мыңнан астам қол жинаған.

- Біз қабылдап отырған нормалар кейбір халықаралық ұйымдар айтқандай адам құқықтарын шектеуге бағытталған емес. Бұл - ұлттық құндылықтарды, дәстүрлі отбасылық институтты және жас ұрпақтың рухани қауіпсіздігін қорғау шарасы. Ең бастысы, бұл заң ұлт мүддесін қорғауға бағытталған, - деді депутат.

Оның айтуынша, Қазақстан өз ішкі заңдарын ұлттық мүдде мен қоғамдық келісім қағидаттарына сүйене отырып қалыптастырады, сондықтан бұл бастамаға сырттан қысым жасауға ешкімнің құқығы жоқ.

Жаңа заңның мақсаты - балалар мен жасөспірімдерді цифрлық кеңістіктегі зиянды контенттен қорғау, ұлттық қауіпсіздікті нығайту, және қоғамның рухани тұтастығын сақтау.

Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ.