Енді рұқсатсыз видео, жалған аккаунт, өшірілмеген контент үшін айыппұл салынады

Онлайн-платформалар мен масс-медиаға қатысты жаңа әкімшілік айыппұлдар енгізуді көздейтін заң жобасы қоғам талқысына ұсынылды, деп хабарлайды AtyrauPress.

Бұл ақпарат АНҚ порталына жарияланды.

Бұрын заңда әлеуметтік желілерге, платформаларға немесе желідегі контентке қатысты нақты талаптар болмаған. Мысалы, біреудің видеосын оның рұқсатынсыз жариялау, жалған аккаунт жүргізу, платформаның заңсыз контентті уақытында өшірмеуі сияқты жағдайлар үшін жауапкершілік толық көрсетілмеген еді.

Ендігі жаңа заң жобасында бәрі нақты жазылған

Сонда не өзгереді десеңіз, егер біреудің видеосын, фотосын оның келісімінсіз жарияласаңыз, айыппұл салынады. Және ол жеке адамға, шағын бизнес өкілдеріне 60, орта бизнеске 100, ірі кәсіпкерге 200 АЕК көлемінде болмақ.

Егер онлайн-платформа (мысалы, Instagram, TikTok-тағы парақша немесе медиа аккаунт) заңсыз контентті өшіру туралы талапты орындамаса, 50-200 АЕК көлемінде айыппұл төлейді. Ал, 5 мыңнан көп жазылушысы бар парақшалар немесе платформалар заңда көрсетілген мәліметтерді бермесе , 20-100 АЕК прплығында айыппұл арқалайды.

Сондай-ақ бұзушылық бір жыл ішінде қайталанса, айыппұл мөлшері екі есе өседі.

Бұрын бір блогер адамның рұқсатынсыз оның видеосын жариялағаны үшін белгілі бір қатаң жауапкершілік болмаған. Енді жаңа заң күшіне енсе, мұндай әрекеті үшін блогерге немесе оның парақшасын басқарып отырған компанияға айыппұл салынады.

Платформаның өзіне келсек: Заңсыз контентті өшіру туралы ресми талап түссе, бірақ платформа орындамаса – оған да айыппұл қарастырылған.

Айта кетейік, бұл заң жобасы 2025 жылдың 29 желтоқсанына дейін қоғам талқысында болады. Осы уақыт аралығында кез келген адам немесе ұйым өз пікірін қалдыра алады.