Қазақстанда медицина қызметкерлерін қорғайтын жаңа заң жобасы талқылынып жатыр, - деп хабарлайды AtyrauPress Мәжілістің ресми сайтына сілтеме жасап.
Соңғы кездері дәрігерлерге, соның ішінде жедел жәрдем бригадаларына қарсы күш көрсету фактілері жиі тіркеліп жүр. Бұған дейін мұндай жағдайлар тек «бұзақылық» немесе «денсаулыққа қасақана зиян келтіру» баптарымен қаралып, әр оқиға жеке сараланатын. Ал медицина қызметкерінің өз кәсіби міндетін атқару кезінде шабуылға ұшырауы үшін жеке қылмыстық жауапкершілік қарастырылмаған еді.
Енді бұл олқылықтың орнын толтыру мақсатында «Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне және Қылмыстық-процестік кодексіне толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы Мәжілісте қаралуда.
Жаңа жоба бойынша Қылмыстық кодекске 380-3-бап енгізілмек. Ол медицина қызметкеріне немесе жедел медициналық жәрдем көлігі жүргізушісіне қатысты қызметтік міндетін атқару кезінде күш қолдану немесе қорқыту әрекеттерін нақты қылмыс ретінде таниды.
Мәселен, егер медицина қызметкерінің өмірі мен денсаулығына қауіпсіз күш қолданылса немесе қорқыту жасалса, кінәлі тұлға: 500-ден 1000 АЕК-ке дейін айыппұлмен, не түзеу жұмыстарына, не үш жылға дейінгі бас бостандығынан айырумен жазалануы мүмкін.
Ал егер мұндай әрекет топпен, төтенше жағдай кезінде, немесе жаппай тәртіпсіздік жағдайында жасалса, жаза жеті жылға дейінгі бас бостандығынан айыруға дейін күшейеді.
Бұдан бөлек, медицина қызметкерінің өмірі мен денсаулығына қауіпті күш қолдану фактісі тіркелсе, кінәлі адамға бес жылдан он екі жылға дейінгі бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Бұрын жедел жәрдем қызметкерлеріне жасалған шабуылдар жалпы сипаттағы баптармен (мысалы, қоғамдық тәртіпті бұзу, денсаулыққа зиян келтіру) қаралатын. Бұл жағдай медицина қызметкерлерін қызмет барысында арнайы құқықтық қорғаудан тыс қалдырды.
Ал жаңа заң жобасы қабылданған жағдайда, дәрігерлер мен жедел жәрдем жүргізушілері полиция қызметкерлері немесе өзге мемлекеттік өкілдер сияқты заңмен қорғалатын тұлғалар қатарына қосылады. Яғни, медицина қызметкеріне қол көтеру — мемлекеттік қызметкерге қарсы әрекет жасаумен тең болмақ.
Құжат қабылданған жағдайда, заң ресми жарияланған күннен бастап 60 күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Мамандардың айтуынша, бұл бастама медицина саласындағы қауіпсіздікті күшейтіп, дәрігерлер мен жедел жәрдем қызметкерлерінің өз міндетін еркін әрі қорықпай атқаруына жол ашады.