Биыл еңбек инспекторлары өңірдегі 5 кәсіпорыннан 30,3 млн теңге жалақы берешегін өндіріп, 15 жұмыскердің құқығын қалпына келтірді, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі
Сонымен қатар түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде 10 жұмысшыға 2,1 млн теңге жалақы төленді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.
Жыл басынан бері департаментке 983 өтініш келіп түсіп, оның 853-і қаралған. Нәтижесінде 428 азаматтың еңбек құқықтары қорғалды.
- Биыл өңір кәсіпорындарында 11 өндірістік жазатайым оқиға тіркеліп, 12 жұмысшы ауыр жарақат алды. Барлық оқиға бойынша арнайы тергеу жүргізіліп, материалдар құқық қорғау органдарына жолданды. Жұмыскерлерді жазатайым оқиғалардан қорғау мақсатында міндетті сақтандыру деңгейі 80 пайызға жетті, – деді Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Атырау облысы бойынша департаменті басшысы Игілік Әубәкіров.
Сонымен қатар өндірістегі қауіпсіздікті арттыру мақсатында өңірдегі 47 кәсіпорын «Vision Zero» халықаралық бағдарламасына да іске қосылды.