Депутаттар қазақ тілін оқыту жүйесін қайта қарауды ұсынды

Мәжіліс депутаттары Премьер-Министр Олжас Бектеновке қазақ тілін оқыту сапасын арттыру және мемлекеттік тілдің дамуына серпін беретін жаңа тұжырымдама қабылдауға шақырды, деп хабарлайды AtyrauPress. 

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Премьер-Министр Олжас Бектеновке қазақ тілін оқыту жүйесін жетілдіру жөнінде депутаттық сауал жолдады. Сауалға Мәжіліс депутаттары Ринат Рүстемов, Нұрлыбек Байқадамов, Алтай Нұхұлы, Айгүл Есбай және Қайрат Тастекеев қол қойған. Олар еліміздің білім беру жүйесінде қазақ тілін оқыту бағдарламаларының арасында сабақтастықтың әлсіз екенін атап өтті.

«Қазақ тілін оқыту әдістемесін жетілдіру - мемлекеттік тілдің болашағы үшін аса маңызды. Бүгінде балабақша, мектеп және жоғары оқу орындарының бағдарламалары арасында жүйелі байланыс жоқ», - делінген депутаттық сауалда.

Қазақ тілін оқытуда жүйелілік пен әдістеме жетіспейді

Депутаттар атап өткендей, қазіргі оқулықтар мен бағдарламаларда баланың жас ерекшелігі мен психологиялық даму деңгейі толық ескерілмеген.
Мәселен, грамматикалық заңдылықтарды тереңдетіп оқыту, көркем және сауатты жазу машығын қалыптастыру, сөйлеу мәдениетін дамыту бағыттары жеткілікті деңгейде қамтылмаған.

«Мектептегі қазақ тілі пәні бойынша оқушы 5-сыныптан бастап фонетика, лексика, морфология, синтаксис сияқты негізгі салаларды жас ерекшелігіне қарай, жеңілден күрделіге қарай меңгеруі керек. Алайда бұл жүйе сақталмай отыр», - дейді депутаттар.

Бір мамандық - бір бағдарлама

Халық қалаулылары жоғары оқу орындарында «Филология» мамандығы бойынша бірыңғай оқу бағдарламасы жоқ екенін сынға алды.
Қазір әр университет білім беру мазмұнын өз қалауынша әзірлейді. Бұл — түлектердің дайындық деңгейін теңестіруге кедергі.

«Бір мамандыққа арналған бағдарлама еліміз бойынша ортақ болуы тиіс. Бағдарлама болашақ маманның бойында болуы қажет кәсіби құзыреттіліктерге негізделіп жасалуы керек», – делінген хатта.

Сонымен қатар, депутаттар тілдік емес мамандықтарда оқитын қазақ топтарына да қазақ тілін кәсіби пән ретінде енгізуді ұсынды. Бұл бастама болашақ инженерлер, дәрігерлер мен заңгерлердің өз саласында мемлекеттік тілді еркін және ғылыми деңгейде қолдануына мүмкіндік береді.

Жаңа тұжырымдама қажет

Мәжіліс мүшелері қазіргі қазақ тілі пәнінің жаңартылған бағдарламасын қайта қарап, пәннің мақсат-міндеттерін нақтылау қажет екенін айтты. Олардың пікірінше, қазақ тілін оқыту — жай ғана оқу пәні емес, мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асырудың негізгі тетігі болуы тиіс.

«Қазақ тілі пәнін орта мектепте оқыту мемлекеттік тілді үйретудің тұтас жүйесіне кіреді. Сондықтан қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде оқытудың жаңа тұжырымдамасын қабылдау қажет», - дейді депутаттар.

Үкіметтен нақты шара күтіледі

Депутаттар Премьер-Министрден еліміздің барлық қазақ мектептері мен жоғары оқу орындарында қазақ тілі мен әдебиеті пәндерін оқытудың әдістемелік негіздерін қайта қарауды, грамматиканы оқыту ұстанымдарын жетілдіруді және ең бастысы - қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде оқытудың тұжырымдамасын қабылдауға ықпал етуді сұрады.

Сондай-ақ, олар «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық заңға сәйкес, депутаттық сауалға белгіленген мерзімде жазбаша жауап беруді өтінді.