Депутат банктердің несие ұсынудағы әрекеттерін сынға алды

Мәжілістің жалпы отырысында Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев банктердің қарапайым халыққа несие алдыру мақсатында қайта-қайта қоңырау шалып, мазасын алып жатқанын сынға алды.

Депутаттың айтуынша, бүгінде екінші деңгейлі банктердің басты назары – бизнес пен жаңа жобаларды қаржыландыру емес, халыққа жоғары пайызбен тұтынушылық несие беруге ауысып кеткен.

– Біздегі банктер бизнес пен жаңа жобаларды қолдауды ысырып қойып, қарапайым халыққа еселеп жоғары пайызбен несие беруді және соны еселеп қайтарып алуды ғана біледі. Ресми деректерге сүйенсек, 2025 жылдың 1 қыркүйегіндегі жағдай бойынша 8,5 миллион қазақстандықтың кредит берешегі бар. Оның жалпы сомасы – 23 триллион теңге, яғни республикалық жылдық бюджетке жетіп қалатын қаражат. Соның ішінде 14 триллион теңге кепілсіз тұтыну несиесіне тиесілі. Бұған қоса, банктер несие рәсімдеу кезінде түрлі қосымша сақтандыру енгізіп, халықтың қарыз жүгін одан әрі көбейтеді. Ал өз еркімен несие алудан бас тартқан адамдарға қайта-қайта қоңырау шалып, SMS-хабарлама жіберіп, тағы да несие алуды ұсына береді. Бұл – азаматтардың жеке өміріне қол сұғушылық және заңсыз әрекет. Сондықтан заң жобасында банктердің мұндай әрекеттерін тоқтату үшін қадағалау принциптерінің жаңа деңгейлері енгізіліп жатыр, – деді Нартай Сәрсенғалиев.

Депутат банктердің қоғам алдындағы әлеуметтік жауапкершілігі мен мемлекет ұсынған қаржылық қолдау тетіктерін дұрыс пайдалануы қажет екенін атап өтті. Оның айтуынша, қаржы институттары халыққа табыс табудың көзі емес, экономиканы дамыту құралы ретінде қаралуы тиіс.

Өз кезегінде Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова да бұл мәселені назардан тыс қалдырмады. Ол банктердің тұтынушылармен жұмысын бақылау мен жауапкершілікті күшейтуге бағытталған жаңа қадағалау тетіктері заң жобасына енгізіліп жатқанын растады.

– Соңғы жылдары қаржы нарығын реттеу заңнамасына азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталған бірнеше өзгерістер енгізілді. Бұл түзетулер, ең алдымен, тұтынушылық несиелер мен алаяқтық әрекеттерге қарсы шараларды қамтиды. Енді жаңа заң жобасында тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың кешенді моделі енгізіледі. Оның аясында банктерде тәуекелдерді басқару жүйесі құрылып, халықтың құқығын қорғаумен айналысатын арнайы бөлімдер ашылады, – деді Мәдина Әбілқасымова.

Мәжіліс отырысында көтерілген бұл мәселе қоғамдағы өзекті тақырыптардың бірі болып отыр. Сарапшылардың пікірінше, тұтынушылық несиелердің көбеюі халықтың қаржылық тұрақтылығына кері әсер етіп, әлеуметтік тәуекелдерді арттырады. Сондықтан жаңа заңнамалық шаралар банктердің жауапкершілігін күшейтіп, азаматтардың қаржылық құқықтарын қорғауға бағытталмақ.