Құрманғазы ауданының абзал азаматтарының бірі, саналы ғұмырын еліне қызмет етуге арнаған, екінші дүниежүзілік соғыс пен ішкі істер саласының ардагері, полиция подполковнигі Батырғали Мұқышевтің туғанына биыл 100 жыл толып отыр. Осыған орай майдангер тұрған үйде ескерткіш тақта ашылды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Оған аудан басшылары, аудандық мәслихат төрағасы Г.Қалиева, зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, ауыл тұрғындары, майдангердің ұрпақтары қатысты. Аудандық әкімдіктің баспасөз қызметінен білгеніміздей, ескерткіш тақтаның ашылу салтанатында аудан әкімі Абат Жанғалиев сөйлеп: – Қай заманда болмасын ел алғысына бөленген абыройлы азаматтың әрдайым орны бөлек. Соғыстан жеңіспен оралып, милиция қатарында халқының қамын ойлап, қылмыспен күрескен, үлкен жүрегі елім деп соққан, нардың жүгін көтерген, туған жерінің адал перзенті, іскер басшы айтулы азамат Батырғали Мұқышұлы ортамызда тірі жүрсе биыл 100 жасқа толар еді. Өзі жетпеген өмір белесін ұрпағы тойлап, ескерткіш тақта ашып, ер есімін ортамызға оралтып жатыр. Сауапты жұмыс болсын, өркендеріңіз өссін, мақсаттарыңызға жетіңіздер,– деді.
Б.Мұқышевтің ағайындары атынан Қазақстанға еңбегі сіңген қызметкер, Қазақстан Жазушылар одағы аудандық филиалының төрағасы, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, Қазақстан Гуманитарлық ғылымдар академиясының академигі, өлкентанушы Өмірзақ Қажығалиев сөйлеп, арнайы келіп қатысып жатқан аудан басшысы мен басқа да азаматтарға алғысын айтты.
Ескерткіш тақтаның лентасын қиып, жамылғысын ашу рәсімін аудан әкімі Абат Жанғалиев, облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Максим Ізбасов, академик-жазушы Өмірзақ Қажымғалиев, Құрманғазы аудандық полиция бөлімі ардагерлер кеңесінің төрағасы Есенгелді Мерханов атқарды.
Шара аудандық С.Көшекбаев атындағы мәдениет үйінде «Есімі елдің есінде» атты тақырыппен жалғасын тапты. Көзі тірісінде полиция қызметкерлерінің үлкен династиясын қалыптастырған, бүгінде немерелері мен шөберелері ізін жалғап жатқан майдангердің тұтынған дүниелері мен тектік құжаттарынан жасалған көрмені аудандық мұражай көпшілік назарына ұсынды.
Аудан әкімі Абат Жанғалиев сөйлеп, Естелік хатын Б.Мұқышевтің ұрпақтарына ұсынды. Атырау облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Болат Көшқалиев, ардагер ұстаз, ақын Рахмет Ниетқалиев, аудандық полиция бөлімі ардагерлер кеңесінің төрағасы Есенгелді Мерханов, Қазақстан Журналистер және Жазушылар одақтарының мүшесі, «Құрмет» орденінің иегері Таңатар Дәрелұлы сөйлеп, кеш кейіпкерін жылы лебізбен еске алды. Ұрпақтарынан Ғалымжан Мұқышев Атырау облыстық полиция департаменті жанынан ашылғалы отырған мұражайға майдангер әкесінің кейбір бұйымдары мен естелік сыйлықтарын табыстады. Қазақстанның оқу-ағарту ісінің үздігі, майдангердің інісі Өмірзақ Қажымғалиұлы Б.Мұқышевтің жақсы қасиеті ағайындарын іздеп тауып, басын қосу болғанын, өзін оқыту үшін бәрін үнемдеп, қарапайым киініп жүргенін тебірене әңгімеледі. Еске алу кешін Бекжан Батырғалиұлы қорытындылады.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ